Қазақстандық белгілі жаттықтырушы өмірден өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Феликс Цой бокс жұлдыздарының тұтас бір толқынын тәрбиелеп шығарды

Қазақ боксынан еңбек сіңірген жаттықтырушы Феликс Цой 82 жасында дүние салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агентігі Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Феликс Цой бокс жұлдыздарының тұтас бір толқынын тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында Рашид Кабиров, Болат Жұмаділов, Бақтияр Тілегенов, Фируза Шарипова, Ангелина Лукас және басқа да танымал спортшылар бар.   

«Менің алғашқы бапкерім Феликс Тихонович Цой өмірден озды. Ол менің ұстазым, тәлімгерім, досым еді. Маған әрқашан сеніп білдіріп келді. Мен ол баптаған алғашқы және жалғыз қыз боксшы, өйткені ол менің жетістіктеріме шексіз сенетін. Ол үнемі «қандай жағдай болса да, тіпті жеңіліп қалсаң да, қарсыласыңның көзіне тік қарай алуың керек, ешқашан көңіліңді түсірме және жеңіске сен» дейтін. Мен 23 желтоқсандағы жекпе-жегімді Феликс Тихоновичке арнағым келеді, бірақ бүгін жаттығуымды тоқтата тұрып, онымен мәңгілікке қоштасу үшін Таразға ұшып барамын», - деп жазды Фируза Шарипова әлеуметтік желідегі парақшасында.