Риддерде кеңес заманан бос қалған көпқабатты үйде жалғызбасты әйел тұрады
Баласы өзінің отбасымен бірге Ресейге үш жыл бұрын көшіп кетіпті
Шығыс Қазақстан облысы Риддерде қаңырап тұрған көпқабатты үйде жалғызбасты әйел бір өзі тұрады. Бұл туралы журналист Ренат Ташқынбаев өзінің YouTube каналында көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Риддерде көпшілік арасында «Қарағанды» деп аталатын 5 қабатты үйде бір ғана адам тұрады. Өзін Наталья Иванова деп таныстырған жалғызбасты әйел бұған дейін бұл үйде жалғыз емес, отбасымен тұрғанын айтады.
«90 жылдары жұрт ЖЭО-ге жылу үшін төлегісі келмеді. Бәрі жан-жаққа көше бастады. Мен ол кезде бірінші некедегі жолдасыммен тұрып жаттым. Ол бұл пәтерден көшуге түбегейлі қарсы болатын. Астынан гараж сатып алдық, тұрақты жұмыс болмағандықтан әртүрлі іспен айналысуымызға тура келді. Осылайша қалып қойдық. Кейін жолдасыммен ажырасып кеттім. Содан кейін балам, келінім, немерем бәріміз осында қалдық», - дейді әйел.
Алайда Наталья Иванованың баласы өзінің отбасымен Ресейге көшіп кеткеніне үш жылдай уақыт болған екен. Айтуынша, сол жақтың азаматтығын алған.
Журналистің жалғыз тұруға қорықпайсыз ба деген сауалына әйел «жалғыз емеспін, қасымда итім бар, қорықпаймын, үйреніп қалдым» деп жауап берді. Бұрындары кассир болып жұмыс істеген ол қазір мейрамханада ыдыс жуады.
Риддерде де жылу мәселесі өзекті. Ал Наталья Иванова тұрып жатқан үйде жылу тұрмақ, су да өшірулі.
«Әдетте мұнда жылы, бірақ қазір далада ауа райы суық болғандықтан, үйдің іші салқын болып тұр. Үйдің төбесінен су ағады. Ал оны жөндеуге шамам жетпейді. Өйткені төбемде тағы бірнеше қабат бар. Мұнда бұрындары монша да, бассейн де болған. Әрине жағдайдың жақсы болғанын қалаймын, бірақ баратын жерім жоқ. Үйсіз-күйсіз, көшеде тұрмаймын ғой. Сондықтан да көнуіме тура келеді», - дейді ол.