Зейнетақы қорынан алынған қаражат мөлшері 30 есеге жуық азайып кеткен

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Азаматтардың көбі шекті сомадан асқан қаражатын баспана сатып алуға жұмсаған

Фото: ашық дереккөзден

2022 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы жинақтаушы қорынан алуға болатын соманың шекті мөлшері өскен соң, қордан қаражат алу деңгейі 28 есеге азайып кеткен. Бұл туралы Azattyq Rýhy Krisha.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

БЖЗҚ мәліметі бойынша, егер 2021 жылдан бастап осы жылдың наурызына дейін азаматтар қордан орташа есеппен 200 млрд теңге «артық» ақшаларын алса, сәуір айынан бастап шешілген сома 7 млрд теңгеге ғана жуықтаған.

Жалпы, азаматтардың көбі шекті сомадан асқан қаражатын - шамамен 2 трлн теңгені баспана сатып алуға жұмсаған.

258 млрд теңге қаражатты халық «Отбасы банкіндегі» депозиттеріне салған. Ал, екінші деңгейлі банктердегі ипотеканы жабу үшін алынған сома 229 млрд теңге болған. Ал, баспана алу үшін алғашқы жарна ретінде және жеке үй салу мақсатында алынған сома 202 млрд теңге болған. «Отбасы банкіндегі» ипотеканы жабуға жұмсалған қаражат 162 млрд теңгеге жеткен.