Бір адам көз жұмды: ШҚО-да жеңіл көлік мұз астына түсіп кетті

Автор: Azattyq Rýhy

4 жолаушы өз бетінше шығып үлгерген

Фото: Altaynews.kz

Оқиға 6 жетоқсан күні сағат 19.00 шамасында Бұқтырма су қоймасында болған. Жүргізуші паромды күтпей, «Мерседес-Бенц» маркалы автокөлікпен мұздың үстімен жүріп өтпек болған, деп хабарлайды Altaynews.kz.

Алайда, жағадан 800 метр қашықтықта мұз жарылып, көлік суға кеткен. 4 жолаушы өз бетінше шығып үлгергенмен, 72 жастағы әйел суға батып кеткен.

«Оқиға орнына дереу Күршім ауданының сүңгуір жабдықтарымен ШҚО ТЖД-ның 4 қызметкері, артынша Өскемен қаласынан қосымша 6 құтқарушыдан тұратын топ жіберілген», - дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқиға болған жердегі мұздың қалыңдығы шамамен 15 сантиметрді құраған көрінеді. Ол жерде барлық тыйым салу белгілері орнатылған. Паром да белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр.

ШҚО ТЖД қызметкерлері тұрғындарға төмендегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін тағы бір еске салады:

Адамның мұзға шығуы үшін мұздың қалыңдығы – 10 сантиметр, жеңіл автокөліктің шығуы үшін – 30 сантиметр болуы керек;

Тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде мұзға шығуға болмайды;

Шықпас бұрын өткелдің орнын, мұздың қалыңдығы мен беріктігіне көз жеткізіп алу керек;

Көліктің есіктерін ашық ұстаған жөн. Төтенше жағдай кезінде жолаушылар көліктен өз бетінше шығуға ыңғайлы болуы керек.