Түнгі клубта есірткі сатқан бармен ұсталды
Күдікті он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Елордалық түнгі клубтың 22 жастағы бармені есірткі таратқаны үшін ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Астана қаласында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіні ойын-сауық орындарында өткізгені үшiн түнгі клубта бармен болып жұмыс істейтін жас жігітті ұстады. Күдікті өзінің жұмыс орнында түнгі клубтың бар үстелінде мефедрон сатуды ұйымдастырып, жастарды азғырған.
Тергеу амалдары ұсталған азаматтың тұрғылықты мекенжайы бойынша да жүргізілді.
«Ұсталған азаматтың досымен бірге жалға алған пәтерін тінту кезінде «каннабис» және «синтетикалық» топтың есірткі заттары да тәркіленді. Бұл шамамен 20 дана бір реттік дозаны құрайды. Ұсталған азамат алдағы күндері оны өткізуді жоспарлаған», – деді елордалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы Рустам Гасизов.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында барлығы 4 грамм мефедрон және 11 грамм гашиш тәркіленді. Есірткіні аса ірі мөлшерде өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің мүлкі тәркіленді. Ұсталған азамат Астана қаласы ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды.