Қазақстандық күрішті шетелге шығару: ішкі нарықта тапшылық тудыра ма?
Қазақстандағы күріш қоры тұтыну көлемінен 2 есе артық
Қазақстандағы күріш қоры ішкі тұтыну көлемінен 2 есе артық. Сондықтан қазақстандық күрішті шетелге шектеусіз әкету күріш дағдарысына қауіп төндіреді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстандағы күріш қоры 144,7 мың тоннаны және 225 мың тонна шала күрішті құрайды, ол қайта өңдеуден кейін шамамен 112,5 мың тонна болады. Қоймаларда барлығы 257,2 мың тонна таза күріш болады.
«Жыл сайын 97 мың тонна тұтыну кезінде бұл қорлар Қазақстанның осы өнімге деген ішкі қажеттілігін 2 еседен астам жабады. Сонымен қатар, бұл көлемдер 2023 жылдың жаңа өнімін алуға дейін жеткілікті болады. Жиналған күріштің артық мөлшері басқа елдерге экспортталады. Ағымдағы жылдың 9 айында шетелге барлығы 70,6 мың тонна, оның ішінде 39,2 мың тонна тазартылған күріш және 31,4 мың тонна ұсақталған күріш сатылды», - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Айта кету керек, Қазақстан аумағында ұсақталған күрішке сұраныс жоқ және оның көлемінің 70-80% сыра өндіру үшін Ресейге экспортталады. Тазартылған күріш бойынша бұл елге экспорт небәрі 9,5 мың тонна, ал ұсақталған күріш көлемі 24,6 тоннаны құрады.
Бұл ретте қазақстандық күрішті шетелге шектеусіз әкету күріш дағдарысына қауіп төндіреді деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Тазартылған күріштің құнына келетін болсақ, қараша айында оның Қазақстандағы көтерме бағасы келісіне 340-390 теңге, өндіруші зауыттарда 256 теңге, бөлшек саудада құны 489 теңгені құрады. Ресейде күріштің келісі көтерме саудада 362,8 теңге (57 рубль) бағамен сатылады.
Жалпы, 2022 жылы Қазақстанда күріш дақылдары 87,8 мың га құрады, олардан 486,5 мың тонна өнім жиналды, оның ішінде 444,6 мың тонна өнім Қызылорда облысының үлесіне келеді.