Әлихан Смайылов жекешелендіру жоспарын орындамай отырған облыстарды атады

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар – Маңғыстау және Ақтөбе облыстары

Фото: ашық дереккөзден

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту –экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жекешелендіру мәселесі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының ерекше бақылауында болуы тиіс. Кешенді жоспарды іске асыру 2025-ші жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін   14%-ке дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сатуға қойылған әрбір объект бойынша Жол картасы әзірленді», - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, олар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында орналастырылған.

«Активтерді бәсекелес нарыққа жоспарлы түрде шығаруды қамтамасыз ету қажет.Сондай-ақ, объектілердің сату алдындағы дайындық сапасына да көбірек көңіл бөлу керек. Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыру қажет. Өкінішке қарай, кейбір өңірлер жоспарды орындай алмай отыр. Бұлар – Маңғыстау және Ақтөбе облыстары», - деді ол.

Премьер-министр атап өткендей, мемлекеттік органдар, өңір әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор ұйымдары жоспарды нақты орындауы қажет.

«Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарыңызға тиісті баға беріледі. Өздеріңізге белгілі, IPO шеңберінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жай акцияларына жазылу аяқталды. Бейсенбі күні IPO іске қосылады. «Самұрық-Қазына» қоры оны сапалы өткізуі керек. Жалпы Қаржы министрлігі Кешенді жоспар объектілерінің сатылуына бақылауды күшейтсін», - деді ол.