Қаладағы жылусыз қалған үйлерге 4,5 мыңнан астам жылытқыш жеткізілді
Бүгін Екібастұз қаласының жылусыз қалған тұрғындарына «AMANAT» партиясынан 200 жылытқыш, 400 жылы көрпе, 100 батарея және басқа да қажетті заттар тиелген кезекті гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Осындай қиын кезде жағдайға бей-жай қарамай, көмекке келіп жатқан меценаттар, ҮЕҰ, қазақстандықтардың қатары көп. Екібастұздағы жылусыз қалған үйлерге 4,5 мыңнан астам жылытқыш жеткізілді, оның 2,5 мыңы еліміздің әр өңіріндегі аманаттықтар тарапынан берілді. Олардың әрқайсы мұқтаж отбасыларға жеткізіледі. Бұл жұмыс қаладағы жағдай толық тұрақталғанға дейін жалғасады», – деп атап өтті «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко.
Ол гуманитарлық көмек бір орталықтан таратылатынын атап өтті. Жылытқыш алуға өтінімдер тек волонтерлер штабының +77054057128, +77779965010 байланыс нөмірлері немесе Екібастұз қаласы, Павлодар көшесі, 10 үй мекенжайы бойынша қабылданады.
Айта кету керек, Екібастұзда бір аптадан астам уақыттан бері волонтерлер штабы жұмыс істеп тұр. Штабта «Жастар Рухының» және өзге де ұйымдардың өкілдері жұмыс істейді.