Петропавлдағы апат салдарынан жапа шеккен тұрғындардың шығынын кім өтейді?

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Жарылған құбыр бір жыл бұрын ғана ауыстырылған болатын

Фото: ашық дереккөзден

Кеше Петропавлда тағы да коммуналдық апат тіркелді. Орталық көшелерінің бірінде құбыр жарылып, салдарынан маңайы көлге айналды. Бірнеше сағат ішінде қаланың барлық дерлік аудандарындағы көпқабатты үйлер сусыз қалды. Өйткені жарылған құбыр анықталғанға дейін қысымды төмендетуге тура келген еді. Апат болған жерге жақын орналасқан екі қабатты баспаналардың иелері ең көп зардап шекті. Үй маңындағы қосалқы құрылыстар мен бірінші қабаттағы пәтерлер су астында қалды. Тұрғандар апаттан келген шығынды кімнен талап етерін білмей дал, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ЖАҢА ҚҰБЫР ҚАЙТА-ҚАЙТА ЖАРЫЛЫП, ТҰРҒЫНДАРДЫ ӘУРЕГЕ ЕТТІ

Нақты қанша үйдің зардап шеккені белгісіз. Жарылған құбыр бір жыл бұрын ғана ауыстырылған болатын. Облыстық қазынадан 100 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 308 метр су трассасы жаңаланды, бетіне жаңа асфальт төселді. Желіде ақау шыққаны алғаш рет емес. Өткен айда ғана Жұмабаев көшесінің Абай көшесімен қиылысатын жердегі құбыр жарылған еді. Аталған аудандағы көпқабатты үйлер мен бірнеше нысан сусыз қалды. Көшедегі тас жол бүлінді. Арада ай өтпен жағдай тағы да қайталанып отыр. Кепілдік мерзімі аяқталған жоқ.

Куәгерлердің айтуынша, бастапқыда жер астынан атқылаған судың биіктігі бір жарым метрге жеткен. Салдарынан маңайдағы үйлерді су басқан. Тұрғындар баспананың жертөлесі әлі де суға толып тұрғанын айтады. Солардың бірі Шарифа Ананьевна.

«Кеше кешкі алтыдан көшеде су аға бастады. Біраздан соң үйге кірді. Жерге төселген кілемдер үстінде қалқып жүрді. Жиһаз да дымданып қалды. Жұмысшылар түні бойы суды сорумен болды. Қолдарынан келгенін жасады. Су әлі тұр. Қыс мезгіліне сақтаған азық-түлігіміз бар еді. Ол да жарамсыз болып қалды. Үйдің іргетасы бүлініп жатыр. Көршінің жертөлесіндегі іргетасының кірпіштері бұзыла бастады. Жөндеп беруін, шығынды өтеуін талап етемін. Ескі үй құлап қала ма деп қорқамын. Көшеден келген тасқын біздің ауламызды түгел басып алды. Судың тереңдігі тізеге дейін келді. Мұнда біздің айыбымыз жоқ. Қорқынышты. Өзімнің денсаулығым жоқ. Дым тартқан үйде демігемін. Қазір жылытқышты қосып, диванды кептіріп жатырмын», - дейді қала тұрғыны Дариха Янкаева.

«Судың атқылап жатқанын бірінші болып көрші көріпті. Апаттық қызметке хабарласқан. Маған телефон соққанда шошып кеттім. Терезеден қарасақ, су атқылап жатыр. Бәріміз далаға атып шықтық. Сәлден соң апаттық қызмет өкілдері келді. Бірақ бірден ештеңе істей алмады. Көше бойы жүгіріп, жарылған жерді әзер тапты. Солай уақыт өткізіп алды.  Енді үйге барайын десем, аяқ киімім суға толды. Жертөледегі су кеткен жоқ. Жер қатып жатыр ғой, сіңбейді», - дейді үйін су басқан Шарифа Ананьева. 

Апат салдарынан сусыз қалған бірнеше коммерциялық нысан, балалар ауруханасы мен 15 көпқабатты үйдің қатарында облыстағы ең ірі наубайхана да бар.

«Су болмай қалса да штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз. Бәрін ұйымдастырғанша уақыт кетті. Қамыр илеуге кеш кірістік. Дегенмен тұрғындарды нансыз қалдыруға болмайды. Өзіміз бөшкемен су әкелдік. 30 текше метр тасымалданды. Бұл жеткілікті деп ойлаймын. Түнгі ауысымға тағы да қор жинаймыз», - дейді Петропавл нан-тоқаш комбинатының директоры Ерлан Қойшыбеков.

МЕРДІГЕР МІНДЕТІН ОРЫНДАЙ МА?

Қызылжар су серіктестігінің өкілдері магистральдің кепілдік мерзімнің әлі бір жылы барын айтады. Апат болған жерде астаналық мердігер «РемСтройСервисПМ» серіктестігінің өкілдері төбе көрсеткен жоқ. Барлық жұмысты «Қызылжар су» мекемесі атқарып жатыр. Аталған компания тұтынушылардан түскен төлем мен бюджет қаржысына күн көріп отыр. Бригада қыстың қақаған аязына қарамастан қызмет етуде.

«Екі құбырдың түйіскен жері жарылды. Біз жөндеу жұмыстарын түнімен жүргіздік. Айта кету керек, қазір су басқан үйлерге өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатыр. Кеше арнайы техника көшедегі және тұрғындардың ауласына, жертөлесіне кірген суды сорып алды. Мамандар күннің суығына қарамастан жағдай тұрақталғанша жұмыс істейді», - дейді «Қызылжар су» серіктестігі бас инженерінің орынбасары Ербол Нәбиев.

«Құбыр тігісінің неліктен сөгіліп кеткені анықталуда. Мердігер компанияның айыбы анықталған жағдайда олар материалдық шығынды өтеуге міндеттеледі. Әкімдік тарапынан аталған ұйымның атына шағым жолданады. Қажет болған жағдайда сотқа береміз. Кешеден бастап мамандар аулаларды аралап, зардап шеккен тұрғындарды анықтап, шығынды есептеп жүр. Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан қанша адамға зиян келгенін айта алмаймыз», - дейді Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Петропавлдағы су құбырларының жартысынан көбі тозған. Алайда коммуналдық қызмет өкілдерін ескі магистраль емес, жаңа желі әуреге салды.