$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Азаматтар банкрот деп танылатын заң жобасы бойынша кімдер өтініш бере алады?

Аталған заң жобасы 29 сәуірде Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген

Азаматтар банкрот деп танылатын заң жобасы бойынша кімдер өтініш бере алады?

Жеке тұлғаларды банкрот деп тануды көздейтін заң жобасын жүзеге асыру сатысында 3 рәсім қолданылады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 1,4 млн адамның жалпы сомасы 1 449 млрд теңгені құрайтын 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар. Бес жылдан астам уақыт бойы  қарыздарын төлемеген тұлғалардың саны 365 мың адамды құрайды, олардың банк алдындағы берешегі – 504 млрд теңге. 

Бұл статистикалық мәліметтер халықтың проблемалық қарыздарын заңнамалық түрде реттеу қажеттілігін айғақтайды.

«Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесін саралап, оңды нормаларын алуға тырыстық. Осылайша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана жүзеге асырады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ», - дейді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Бірінші рәсім - Соттан тыс банкроттық рәсімі, оған азаматтар келесі шарттар бойынша өтініш бере алады:

1.    банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса;
2.    ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табыс – 36018 теңге.

Ескертетін жайт, бұл жағдайда борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсімін жүргізу қажет. Соттан тыс банкроттық тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.

Ал екінші рәсімде 4,9 миллион теңгеден асатын қарызы бар және басқа да берешек түрлеріне қатысты азаматтарға қатысты мәселе қарастырылады. Олар да сот банкроттығына жүгіне алады.

«Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукционда сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды», - деді Ержан Біржанов.

Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру және т.б  белгілері болмаса, оның қарызын есептен шығаруға болады.

Алайда, басқа адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірген немесе алимент бойынша қарызы бар тұлға есептен шығарылмайды.

Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.
Банкроттықтан кейін осы санаттағы жеке тұлғаларға 5 жылға несиелер мен кредиттер алуға шектеу қойылады; азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады; банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді.

«Сол себептен, азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлану қажет. Жалпы, осы жерде айтарым, адамдардың шамадан тыс қаржылық ауыртпалықтары мәселесін шешу, ол осындай заңды қабылдаумен қоса, қаржы ұйымдарымен бірлесіп тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет», - деді спикер.

Аталған заң жобасы 29 сәуірде Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген.

Серіктес жаңалықтары