Павлодар облысында Абай Құнанбайұлының алғаш жарық көрген кітабы табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Кітап хәкім дүниеден өткеннен соң 5 жылдан кейін жарық көрген

Павлодар облысында Абай Құнанбайұлының алғаш жарық көрген кітабы табылды. Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Сирек кездесетін басылымды Ертіс ауданындағы ардагер ұстаз Нұрболат Әбутәліпов музейге сыйға тартты. Ол бұл кітапты атасынан алып, осы күнге дейін сақтап келген.

«Бұл кітап — Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында басылып шыққан ең алғашқы жинағының бір данасы. Кітап хәкім өзі дүниеден өткеннен соң 5 жылдан кейін жарық көрген», — деді музей директоры Ербол Қайыров.

Шара барысында абайтанушы Даниял Әсенов ақынның өлеңдерін оқыды және Абай әндері шырқалды.

Аталған кітап енді музей қорында сақталады.