Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақов Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатылды», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы болып Олег Крук тағайындалды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Олег Павлович Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, Олег Крук 1967 жылы туған, Павлодар индустриалдық институтын бітірген. Өнеркәсіптік жылу энергетикасы инженері біліктілігі бар. Павлодар облыстық мәслихатының VІ шақырылым депутаты болған.
Еңбек жолын Павлодар үшінші Жылу электр орталығында (ЖЭО) монтер болып бастады. Ұзақ жылдар бойы Павлодар қаласының тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындарында жұмыс істеді.
2007 жылы Павлодар облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментін басқарған.
2008 жылдан 2012 жылға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Осы лауазымда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, құрылыс және көліктік инфрақұрылым мәселелеріне жетекшілік етті.
Кейінгі жылдары «Казэнергокабель» акционерлік қоғамының бас директоры, Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры болып жұмыс істеді.
Осыған дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.