Бүгін еліміздің басым бөлігінде қалың қар жауады
Республика бойынша тұман түсіп, көктайғақ болады
Синоптиктер 1 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Республиканың басым бөлігінде ауа райы Оңтүстік циклонмен анықталады, онымен бірге қар жауады, республиканың оңтүстік-шығысында жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады. Еліміздің оңтүстігіндегі және оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда кей уақытта қатты қар жауады, тек батысында және шеткі солтүстігінде жауын-шашынсыз ашық ауа райы сақталады», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Сондай-ақ елдің солтүстік, шығыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында жел күшейіп, солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында, орталығында жаяу бұрқасын болады, еліміздің оңтүстігіндегі және оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда тұман түсіп, көктайғақ болады.
Түнде Түркістан, Жамбыл, күндіз Алматы облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысынының таулы аудандарында қалың қар жауады.
Астанада көшпелі бұлт шығады, кей жерлерде қар жауады, бұрқасын соғады. Солтүстік-шығыстан 9-14, екпіні 15-20 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде және күндіз -15-17 градус болады, күндіз одан әрі төмендейді.
Алматыда күн бұлтты, өткінші жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауып, тұман түсіп, көктайғақ болады. Жел секундына 2-7 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде -3-5, күндіз 0 шамасында болады.
Шымкентте көшпелі бұлт шығады, кей жерлерде қар жауады, тұман түседі, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан секундына 8-13 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде -6-8, күндіз 0-2 градус болады.