Елдос Абақанов: Заңға орманды үш жыл ішінде табиғи қалпына келтіруді көздейтін түзетулер енгізілді
Ол сол сияқты «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын түсіндірді
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Елдос Абақанов Орман кодексіне енгізілген түзетулерді, сол сияқты «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасының мақсатын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутат сөз басында «Өсімдіктер дүниесі туралы» ҚР Заң жобасының негізгі мақсаты – өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және оның барлық алуан түрін пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету екенін атап өтті. Сонымен қоса өсімдіктердің жабайы өсетін түрлерінің табиғи әртүрлілігі мен гендік қорын сақтау, оларды ұтымды пайдалану үшін құқықтық негіздер жасау болып саналады, дейді.
Еске сала кетейік, «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда 2021 жылғы 15 маусымда мақұлданған болатын.
«Заң жобасында бірқатар негізгі ұғымдар мен терминдер нақтыланды немесе жаңа редакцияда жазылды. Өсімдіктер дүниесіне меншік құқығын көздейтін жаңа нормалар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкестендірілді.
Жұмыс тобының мүшелері өсімдіктер дүниесін пайдаланудың ортақ пайдалану және арнайы пайдалану тәртібіндегі түрлерін көздейтін түзетулерін қолдады.
Жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалануды жүзеге асыратын тұлғалардың құқықтары мен міндеттері көзделген, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланды», - дейді депутат
Айта кететін жайт, жабайы өсетін жемістерді, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және өзге де өсімдіктер ресурстарын жеке тұлғалар өтеусіз және рұқсат құжаттарсыз пайдалана алады.
Өз сөзінде өсімдіктердің әртүрлілігін сақтау үшін ресурстық зерттеу негізінде айқындалатын өсімдіктер ресурстарын пайдалану лимиттерін белгілейтін түзету қарастырылды. Өсімдіктер ресурстарының қорларына ресурстық зерттеу жүргізетін мамандандырылған ұйымдарды міндетті аккредитациялау ескерілді.
Сонымен қатар өсімдіктерді интродукциялау және жерсіндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін алдын ала хабарландыру тәртібі белгіленді.
Елдос Абақановтың айтуынша депутаттар жергілікті атқарушы органдардың жасыл екпелерді күтіп-баптау, түгендеу жүргізуді қамтамасыз ету, жасыл екпелердің тізілімі мен есебін жүргізу және олардың жай-күйіне мониторинг жүргізу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған түзетулер енгізді.
Заң жобасының бірқатар нормасы Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесі саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды енгізуге, сондай-ақ бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру түрлерін және оларды жүзеге асыру тәртібін нақтылауға бағытталған.
Сөз арасында ілеспе заң жобасы «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының ережелеріне сәйкес келтіру болып саналатынын қозғап өтті.
«Орман кодексіне орман пайдаланушылардың орман дақылдарын жасау және орманды табиғи қалпына келтіруге жәрдемдесу шараларын жүргізу жөніндегі жұмыстарды, оның ішінде оған күтім жасау және сауықтыру жөніндегі шараларды үш жыл ішінде орындауын көздейтін түзетулер енгізілді.
Жабайы өсетін өсімдіктердің түрлерін заңсыз пайдалануға бақылау белгілеу үшін депутаттар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне тиісті толықтырулар енгізді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілеттіктерін ғылыми табиғи объектілерге «Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесін беру жөніндегі құзыретпен, уәкілетті органның өкілеттіктерін Қызыл кітапты жүргізу қағидаларын әзірлеуге қатысты түзетулер енгізілді», - деді Мәжіліс депутаты.
Заң жобалары бойынша таныстырылым, дөңгелек үстел, жұмыс тобының 32 және комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өтіп, қорытынды салыстырма кестелерде барлық түзетулер қабылданды.
Сөз соңында осы айтылғандардың негізінде аталған заң жобаларын екінші оқылымда қолдауды және оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жолдауды сұрады.