«Сәтті Жұлдыз» компаниясы астыртын бизнес арқылы пайда тауып отыр - Мәжіліс депутаты

Автор: Әсел Оршыбекова

Мәди Ахметовтің айтуынша, компания өз қызметін «Lotoclub» және «Lotomatic» ЖШС арқылы астыртын түрде жүзеге асырып отыр

Фото: ашық дереккөзден

«Сәтті Жұлдыз» компаниясының 2017-2022 жыл аралығындағы кірісі 392 млрд теңгеден асқан, алайда салық ретінде бюджетке тек 7,8 млрд теңге түскен. Қалғаны қалтасында қалып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов төменгі палатаның жалпы отырысында айтты.

Депутатың айтуынша, бүгінде «Сәтті Жұлдыз» өз қызметін «Lotoclub» және «Lotomatic» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы астыртын түрде жүзеге асыруда. Акционерлік қоғам небәрі соңғы 6 жыл ішінде ел аумағында 300 лото-клубты іске қосып, 6000-нан астам «Лотоматик» терминалдарын орнатып үлгерген. Осы уақыт аралығында компанияның тапқан табысы да аз емес, 2017-2022 жыл аралығында кірісі 392 млрд теңгеден асқан, салық ретінде бюджетке тек 7,8 млрд теңге түскен. Қалғаны қалтасында қалып отыр. Айта кетерлігі, «Сәтті жұлдыз» жекеменшік компаниясы 2017 жылдан бастап Қазақстанда лотерея өткізу құқығын 15 жылға иеленген жалғыз оператор.

«Лудомандардың есін алған лотереялық терминалдарды іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Оңды-солды орнатылған «Лотоматиктер» көпқабатты тұрғын үйлердің астынан бастап, шалғайдағы ауылдарға дейін жаулап алған. Лото-клубтарда казинодағыдай жағдай жасалған, терезесі тұмшаланған бөлмелерде алкогольді ішімдіктер шектеусіз беріледі, лотереяға тәулік бойы қатысуға мүмкіндік бар. Сол себепті құмарлықты қоздыру жағынан лотоматиктер ойын автоматтарынан кем түспей тұр. Ең қызығы лотерея қызметі саласындағы уәкілетті орган лотерея операторына және олардың агенттеріне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға құзіреті жоқ», - деді Ахметов.

Мемлекет басшысы жастар арасында лудомания, яғни заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарға тәуелділік күшейіп келе жатқанына тоқталып, жас ұрпақты құмар ойындардың зиянды әсерінен қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

«Сол себепті «Сәтті жұлдыз» операторының жұмысына мемлекеттік аудит, салықтық тексеру жүргізіп, «Лото клубтардың», «Лотоматик» терминалдарының қызметіне тыйым салып, ұлттық лотерея операторының қызметін қатаң бақылауға алуыңызды сұраймын», - деді Мәжіліс депутаты Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа жолдаған депутаттық сауалында.