17 көпқабатты үй жылуға бүгін кешке қосылады
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұздағы жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«17 көпқабатты үй мен AMANAT партиясының ғимараты кешке дейін жылумен қамтамасыз етіледі. Кеше келгеннен кейін бейнеконференция өткіздік. Біраз адам зардап шекті. Арыздар түсіп жатыр. Мыңнан астам арыз келіп түсті. Тұрғындар қиындықтарын жазып жатыр. Барлық шығынды компания өзі өтейді. Тұрғындар өз қалтасынан қаражат шығармайды», - деді ол.
Серік Жұманғарин атап өткендей, қазір жағдай тұрақты.
«Бүгін жұмыстың 99 пайызы бітеді. Екібастұз - жұмысшылардың қаласы. Жағдайды барлығы түсінеді. Тұрғындар жұмысты өз қолдарымен істеп жатыр. Олар өздерінің жұмыстарын біледі. Суын төгіп, жылу жұмыстарын өздері істеп жатыр. Ешкім қол қусырып отырған жоқ. Ызаланып, наразылығын білдіріп, жаман сөз айтып жүргендерді көрмедім», - деді ол.
Премьер-министрдің орынбасары перзентханаға барған сәтте қыз бала дүниеге келген.
«Қыз бала өмірге келді. Ол жақсы ырым. Өмір жалғасып жатыр. Дүниеге келген сәбидің бауы берік болсын! Облыс әкімдігі де жақсы жұмыс атқарды», - деді ол.
Айта кетейік, Екібастұзда жылу қазандығы істен шығып, тұрғындар жылусыз қалған еді.