$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Үкіметке өрттен қорғау жүйесін күшейту керек

Биыл Астана аумағында ғана 680-нен астам өрт болған

Үкіметке өрттен қорғау жүйесін күшейту керек
Фото: ашық дереккөзден

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, мемлекеттік өрт бақылау жүйесін заманауи талаптарға сәйкес, түбегейлі өзгеше тәсілдерді қалыптастырудың шұғыл қажеттілігі туындады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды.

Мәжіліс депутаты Гауһар Нұғманова Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында осы жылдың 16 қарашасында Астана қаласы, Бауыржан Момышұлы даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті сөз ете отырып, осы саладағы түйткілді мәселелерге тоқталып өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, жанып жатқан пәтерден бес адам құтқарылды, оның біреуі бала және он адам эвакуацияланды. Бұл ретте өртті сөндіру барысында екі өрт сөндіруші зардап шекті. Өкінішке орай, өрт кезінде адамдарды құтқаруға қатысқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин ауруханада жан тапсырды. Дәрігерлер бірнеше күн бойы Асқардың өмірі үшін күрескен еді. Асқар бауырымыз қазіргі заманның батыры және өз ісінің маманы ретінде біздің есімізде мәңгі қалмақ», - деді Нұғманова.

Депутаттың келтірген деректері бойынша, биыл Астана аумағында 682 өрт болды, оның ішінде 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерде болған.

Депутаттық сауалда жүйелі мәселелер тізілді:

1) өрт кезінде тұрғын үйлердегі адамдарды өрт автоматикасының техникалық құралдарымен қорғау мәселелеріне:

  •  өрт туралы хабарлау жүйесінің болмауы;
  •  түтін шығару жүйесінің болмауы;
  •  автоматты өрт сөндіру жүйесінің болмауы жатады.

2) тұрғын және қоғамдық ғимараттардағы өртті сөндіру кезіндегі проблемаларына:

  •  үй-жайларының бірінші және жертөле қабаттарындағы сыртқы екінші эвакуациялық шығудың болмауы;
  •  тұрғын үй қабаттарының жалпылама пайдалану орындарына (дәліздерге, вестибюльдерге және залдарға) пәтер иелері жиі кедергілер салып, осы үй-жайлардың бір бөлігін жеке пайдалану үшін бөліп алуы;
  •  жеке көліктерді тұраққа қою үшін жол жүру бөлігін немесе көгалды пайдалануы;
  •  ғимараттар мен тұрғын үйлерге өтуге арналған шлагбаумдардың орнатылуы жатады.

3) өрт сөндіруге шығу кезінде өрт бөлімшелерін басқарудағы мәселелерге:

  •  жолдағы кептелістер;
  •  өрт техникасының қозғалыс жылдамдығы;
  •  қаланың жалпы аумағы үшін өрт сөндіру деполарының саны жеткіліксіз болуы.

«Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі саласындағы негізгі проблемалар ғимараттар мен конструкцияларды салу және пайдалану кезінде бизнес иелері тарапынан өрт қауіпсіздігі саласындағы нормаларды елемеуінен және сондай-ақ, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын жабдықтардың моральдық және физикалық ескіруінен де болуы әбден мүмкін. Осылайша, тұрғын үйлердегі өрттен қорғау жүйесінің рөлі артуы керек және бұл нормативтік құжаттарда көрсетілуі қажет», - дейді депутат.

Айтылған мәселелерге орай Мәжіліс депутаты Үкіметтен мұндай жағдайларды барынша азайту үшін, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдауды сұрады.

«Жоғарыда айтылғандардың негізінде Үкіметке өрттен қорғау жүйесін күшейту жөніндегі нормативтік құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің Перспективалық жоспарын әзірлеу және бекіту ұсынылады»,- деп нақтылады Нұғманова.

Серіктес жаңалықтары