Есірткіні пайдаланушылар мен жасаушылар жасарып келеді – сұхбат
СҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Иван Терзидимен сұхбат

Статистикаға сүйенсек, студенттер мен мектеп оқушыларының арасында есірткі қолданушылар саны артып келеді. Мамандардың айтуынша, жастар еліктегіш келетіндіктен, «бір рет дәмін татып көремін» деп жүріп, қалай тәуелді болып қалғанын аңдамай қалады. Ал психотропты заттарды өндіру мен сатудың жеңілдеп кеткені жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. СҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Иван Терзиди Azattyq Ruhy тілшісіне есірткімен күресте кездесетін проблемалар жайында айтқан еді.
- Естірткімен күрес – бүгінгі күннің басты проблемаларының бірі. Интернет дамыған заманда психотроптық заттарды сату да, сатып алу да жеңілдегені жасырын емес. Бұл кеселден қалай қорғанамыз?
- Иә, сөзіңіздің жаны бар. Психобелсенді есірткі заттары – жастар арасында интернет арқылы жеңіл таралып жатыр. Бұл – бүгінгі күннің аз зерттелген және аса өзекті тақырыптарының бірі. Олай дейтін себебім – уақыт озған сайын психотроптық заттарды таратумен қатар, жасау әдісі де оңай болып барады. Нашақорлық – ұлттың генофондына қауіп төндіретін бүкіл әлемдік қауымдастық проблемасы. Одан қорғану үшін жас ұрпақтың бойында есірткіге қарсы иммунитет тудыруымыз керек.
- Ол үшін не істеу керек? Жалпы басқарма тарапынан есірткімен күресте қандай іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр?
- Біз «Қауіп туралы ескертілсе, оған қарсы күресу керек» қағидаты бойынша әрекет ете отырып, есірткі заттарын пайдаланудың зияны мен өлімге душар ету салдары, сондай-ақ есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысу нәтижесінде туындайтын қылмыстық жауапкершілік туралы тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жұмыс 2022–2023 жылдарға арналған есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі Жол картасына сәйкес жүргізіледі. Мәселен, 2022 жылдың 9 айында СҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 410 профилактикалық іс-шара өткізді, іс-шараға 50 мыңнан астам адам қамтылды. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да азаматтарымызға, әсіресе жастар арасында есірткі тарату жолына тосқауыл орнату қажеттігін атап өтті. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының негізгі бағыттарының бірі нашақорлықтың алдын алу болып табылады.
- Байқағанымыздай жоғары сынып оқушылары мен студенттерге төнер қауіп көп. Білім ордаларымен жұмыс істейсіздер ме?
- Жаңа оқу жылы қарсаңында Басқарма облыстың білім және денсаулық сақтау басқармасы, жастар – ресурсы орталығы және басқалар, жалпы білім беру мектептері, колледж және жоғары оқу орындары тәрізді мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспарын келісіп, бекітті. Өңірдің жалпы білім беру мектептерінен бөлек, жаңа оқу жылының басынан профилактикалық іс-шаралармен: Петропавл теміржол көлігі колледжі, кәсіби-педагогикалық колледж, өнер колледжі және СҚУ жанындағы колледж қамтылды, сондай-ақ студенттермен кездесу Мағжан Жұмабаев атындағы колледжде және қаланың басқа колледждерінде өткізілді. Осындай өзара іс-қимылдың мысалы ретінде басқарманың «Instagram», «Facebook», «Вконтакте» және «Тик-ток» платформаларында 2019 жылы іске қосқан ҚР ІІМ жүйесіндегі алғашқы «upn_dp_sko» ресми аккаунтын қарастыруға болады. Есірткі сатушыларды ұстау туралы ақпараттар, сюжеттер және есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысуға байланысты зардаптарды түсіндіретін құқықтық аспектілерді үнемі жаңарту оқырмандар санын 15 мың адамға дейін ұлғайтты. Жасөспірімдерге, ата-аналарға және педагогтарға арналған профилактикалық сипаттағы ақпарат екі тілде жарияланады.
Әлеуметтік желілерде жүргізілетін жұмыс бастамашыл және шығармашылық жастарды - өз бастамасымен бізге көмектесе бастаған режиссерлерді, суретшілерді тартуға көмектеседі.
- Статистиканы сөйлетсек. Көрсеткіштерге тоқталып өтсеңіз...
- Ресми статистика көрсетіп отырғандай, нашақорлар мен есірткі таратушының жасы едәуір азайып келеді. Мәселен, осыдан 10-12 жыл бұрын есірткі сатушының немесе есірткі тұтынушының бейнесі 30-40 жас аралығындағы көзге үйреншікті қылмыскер болса, қазіргі уақытта бұл әртүрлі әлеуметтік топтағы және 15 пен 25 аралығындағы жастар. Мысалы, 2022 жылдың 9 айында есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін 112 адам, оның ішінде 17 мен 23 жас аралығындағы 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал 2021 жылдың сәйкес кезеңінде аталған жастағы 7 адам ғана ұсталған. Өзіңіз көріп отырғандай, бұл көрсеткіш жылдар емес, айлар арасында өзгеріп келеді. Сондықтан бүгінгі күні нашақорлықтың алдын алудың мақсатты аудиториясы – жастар. Профилактикалық жұмыстың тиімділігін ұғыну үшін Басқарма жастар буыны өкілдерімен тұрақты негізде мазмұнды әңгімелер өткізеді және өздерімен шамалас тұлғалар арасында алдын алу туралы көзқарасына көз саламыз.
- Есірткімен күресте қандай кедергілер кездеседі?
- Нашақорлықтың алдын алудың оң нәтижелеріне қарамастан, бірқатар кемшіліктер бар. Өткен жылдан профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін қаражаттың жеткіліксіз болғаны туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Биыл бұл мақсатқа 3 миллион теңге бөлінді. Бұрын-соңды есірткімен күреске осынша қаражат берілген емес. Тағы бір проблеманы атап өткім келеді. Бұл өңірімізде синтетикалық препараттарға сараптама жүргізу мүмкіндігінің жоқтығы, бұл Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жұмысын қиындатады, яғни, синтетикалық есірткіні таратқаны үшін ұсталған адамдардың жауапкершіліктен бас тарту бөлігі. Осыған байланысты Фурье түрлендіруі бар масс-спектрометриялық детекторы бар газ хроматогрофын сатып алу қажет. Оның құны 90 млн теңге тұрады. Тәркіленген әрбір есірткі затын сараптамадан өткізу үшін басқа өңірге апарамыз. Бұл да бюджетке қосымша шығын. Қызметкерлерді іссапарға жібереміз. Салдарынан уақыт жоғалтамыз. Есірткіні жолда алып жүрудің өзі қауіп. Айғақ жолда жоғалып қалуы да мүмкін. Сараптама нәтижесі белгілі болғанша күдікті бостандықта жүреді. Бұл кезде қылмыскер басқа өңірге, басқа мемлекетке қашып кетуі немесе басқа заң бұзушылық жасауы мүмкін. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс хроматограф сатып алған болатын. Онымен жұмыс істейтін ғимарат және маман қажет болды. Техниканың тілін білетін адам болмағандықтан оны Ақмола облысына беруге тура келді. Ал өзіміз тәркіленген заттарды басқа өңірлерге сүйреп жүрміз.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!