Жетісу облысында Бейсен Құранбекті еске алуға арналған республикалық турнир өтіп жатыр
Турнирде 8 команда бақ сынайды
Жетісу облысында белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбекті еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Республикалық деңгейдегі жарыс осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушы «Жетісу» телеарнасы мен «Жетісу» газеті және Janr әдеби клубы. Биылғы турнирге облыс әкімдігі, "Medialab" комуникация агенттігі және Көксу ауданының әкімдігі демеушілік жасады. Республикалық турнирге Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Өскемен, Талдықорған қалаларынан келген 8 команда келген. Қомақты жүлде тігілген турнир Талдықорған қаласындағы "Жастар" спорт сарайында өтуде. Командалардың барлығы дерлік БАҚ өкілдерінен жасақталған. Турнирде төрт орынға жүлде тағайындалған. Одан бөлек Жұматай Жақыпбаев, Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы екі бірдей арнайы сыйлық тапсырылады. Бас жүлде 800 мың теңге болса, төртінші орын иеленген командаға 400 мың ақшалай сыйлық беріледі. Тоқсанға жуық журналист қатысып жатқан жарыстың салтанатты ашылуы Бейсен Құранбекті бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Ақпарат саласының саңлағы, біртуар азамат, "Айтуға оңай", "Қарекет" ток-шоуларының жүргізушісі Бейсен Құранбек жайында бейне ролик көрсетілді.
"Қадірменді әріптестер, доп додасы әділдіктің, шын жарыстың жаршысы болсын. Бейсекеңнің арманы да қазақ қоғамының әділ болғаны еді. Жарыс әділ, таза өтсін. Республиканың әр өңірінен келген командаларға алғыс білдіреміз. Бұқаралық ақпарат құралдарың өкілдері елдің дамуына шынайы үлес қосатын, кәсіби маман ретінде әрқашанда әділдік жағында жүрсін",- деді «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбай.