Петропавлда кәсіпқой боксшы өрттен адамды құтқарды

Автор: Azattyq Rýhy

Өрт сөндірушілердің айтуынша Евгений кәсіби өрт сөндірушілер сияқты шапшаң және дұрыс әрекет еткен

фото: stan.kz

Петропавлда кәсіпқой боксшы өрттен адамды құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

24 қараша күні сағат 00.43-те СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарының кезекші бөліміне тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін қарама-қарсы үйде тұратын кәсіпқой боксшы Евгений Павлов 1951 жылы туған адамды өрттен алып шыққан.

Евгенийдің айтуынша түнгі сағат бірдің шамасында көрші үйдің жанып жатқанын байқаған. Бірден жақын маңдағы «Газельге» жүгіріп, адамдардың назарын аудару үшін дабыл жұмысын қосқан. Содан кейін ғана үйге беттеген.

Евгенийдің айтуынша, қою түтіннен үйге кіруге мүмкіндік болмады. Сондықтан ол бас киімін сулау арқылы тыныс алу мүшелерін қорғаштап, ішке кірген.

«Түтіннің қалыңдығы соншалық Витя ағайдың сұлбасын әрең байқадым. Сосын оны есік жаққа қарай тартып алдым. Үйіме әкеліп, қажетті көмек көрсеттім, көп ұзамай өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем келіп жетті. Бақытымызға орай, Витя ағайға медициналық көмек қажет болмады», - деді ол.

Евгений Вячеславович өңірде спорт саласындағы белгілі тұлға. Бокстан Қазақстан құрамасының құрамында әуесқой чемпионаттарға, көптеген турнирлерге қатысқан. Ол 2016 жылғы әлем чемпионатының қатысушысы, 2020 жылы кәсіби боксқа ауысты. Сол кезден бастап 8 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. WBA international белбеуінің иегері және ол WB әлемдік рейтингінде 7- орында.

Өрт сөндірушілердің айтуынша Евгений кәсіби өрт сөндірушілер сияқты тез және дұрыс әрекет еткен.

«Өрттің ауданы 35 шаршы метрді құрады, үйдің төбесі жанып кетті. Залдың қабырғасы, жартылай тұрғын үйдің шатыры зақымдалған. Жарты сағат ішінде жалын өшірілді. Өрт сөндіруге 5 техника мен 16 маман жұмылдырылды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр», - деп көрсетті  СҚО ТЖД қоғаммен байланыс тобы.