Олар бюджеттен бөлінген 96 млн теңге субсидияны заңсыз алған
Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласының қызметкері мен оның сыбайластары сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
17 қарашада Көкшетау қалалық сотының Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы С.С. Тәжібаевқа, жеке кәсіпкер М.Б. Ахметовке және азамат Б.Қ. Әділбаевқа қатысты айыптау үкімі шығарды.
«Жоғарыда аталған адамдар жайылымдарды суландыру және мал шаруашылықтарын сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын құруға бөлінген 96 млн теңге сомасында бюджеттік субсидияларды заңсыз алу жөніндегі қылмыстық схеманы ұйымдастырды.
Сот үкімімен Тәжібаев аса ірі мөлшердегі алаяқтық және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша кінәлі деп танылды және оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сол үкім бойынша аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін оның сыбайластары Ахметов пен Әділбаев сәйкесінше 6 және 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды», - делінген хабарламада.
Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.