Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде «кредиттік рақымшылық» жүргізілді және қарыздардың барлық түрлері есептен шығарылды деген ақпарат тарауда
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттік рақымшылық және қарыздарды кешіру мәселелері бойынша дәйексіз ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарды қолдау үшін 2021 жылғы қазаннан бастап берешекті реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілгенін атап өтеміз. Кредиттер бойынша мерзімі өткен жағдайда қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуі қажет, онда олардың өтініші қаралады және проблемалық берешекті қайта құрылымдау шарттары ұсынылады», - делінген хабарламада.
Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, ол кредитордың жауабын алған күннен бастап 15 күн ішінде агенттікке жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға өзінің өтінішін растауды және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеуді міндетті түрде ұсынуы тиіс.
Берешекті реттеу туралы шешім қарыз алушының қаржылық жай-күйін және оның қаржы ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындау жөніндегі мүмкіндіктерін терең талдау негізінде жеке тәртіппен қабылданады.
Сонымен бірге Қазақстанда 2004-2009 жылдар аралығында теңгемен ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға көмек көрсету үшін Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасып жатқандығы туралы қосымша хабарлаймыз. Бағдарлама шеңберінде жылдық 3%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша қарыз бойынша негізгі борышты қайта қаржыландыру жүргізіледі.
«Азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан дәйексіз мәліметтерге сенбеуді және ақпаратты тек ресми және тексерілген дереккөздерден басшылыққа алуды сұраймыз», - деп көрсетті агенттіктің баспасөз қызметі.