Павлодар облысында ауруханаларда мәліметтерді дәл көрсетпейтін ескірген жабдықтар қолданылған

Автор: Azattyq Rýhy

Заң бұзушылықтар анықталған мекемелердің барлығына айыппұл салынды

фото: depositphotos.com

Павлодар облысындағы ауруханаларда ескірген және медициналық көрсеткіштерді дәл көрсетпейтін жабдықтар қолданылған. Бұл туралы Azattyq Ruhy Pavlodarnews сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда Қазақстан Республикасы сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Әлібаев мәлім етті.

«Департамент 2022 жылдың мамыр - маусым айларында өлшеу құралдарын, эталондарды қолдану бөлігі бойынша облыстың 14 медициналық мекемесінің қызметіне тексеру жүргізді, - деді спикер. - Тексеру барысында әртүрлі өлшеу аспаптарының 1 195 құралы тексерілді».

Оның айтуынша, тексеру нәтижесінде мерзімі өткен, көрсеткіштерді анық көрсетпейтін 615 бірлік құрал анықталды. Олар - термометрлер, импульстік оксиметрлер, электрокардиографтар мен ультрадыбыстық аппаратура.

Айбек Әлібаев тексеруден өтпеген, сондай-ақ мемлекеттік жүйенің тізіліміне енгізілмеген өлшем құралдарын қолдану түріндегі бұзушылықтар да анықталғанын айтты. 

Бірлескен тексеру нәтижелері бойынша облыстың қалалары мен аудандарының прокуратурасы медициналық мекемелерге қатысты заң бұзушылықтарды жою туралы 13 хаттама толтырды.

«Департамент басқа да мемлекеттік органдармен бірлескен тексерулер жүргізеді, - деп қосты Айбек Әлібаев. - Есепті кезеңде 61 субъект тексерістен өтті. 32 жағдайда бұзушылықтар анықталды».

Техникалық реттеу және метрология комитетінің тапсырмалары негізінде есепті кезеңде үш субъектіге профилактикалық бақылау жүргізілді. 

Жүргізілген профилактикалық бақылаудың нәтижелері бойынша «Компания Нефтехим LTD» ЖШС-да декларациялауды тіркеу ережесінде бұзушылықтар анықталды. Бұзушылық бірден жойылды. 

Бұзушылықтар анықталған 32 субъект 17 903 235 теңге әкімшілік айыппұл төледі.