«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын жою керек» – депутаттар Ұлттық компанияға қатысты дабыл қағуда
Корпорацияның бюджеті бірқатар өңірде мақсатсыз жұмсалған
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының негізгі мақсаты – өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу. Алайда соңғы жылдары оның жұмысына қатысты көптеген даулар туындап жүр. Қоғам арасында іс жүзінде «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» әкімдіктер жанындағы шаруашылық ведомстволарға айналды деген пікірлер пайда болды.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмыстарына қатысты әрбір өңірде түрлі мәселелер қордаланған.
Айта кетерлігі, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырады, одан түсетін пайданың бір бөлігі ол құрылған өңірді әлеуметтік дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру үшін қайта инвестициялауға жатады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жалғыз құрылтайшысы –Қазақстан Республикасының Үкіметі.
2022 жылдың 25 тамызында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген тақырыптық талдаудың қорытындыларын жариялады.
«Ережеде конкурс өткізу тәртібінің болмауына байланысты «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сатып алудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етпей, өз қалауы бойынша тендер өткізу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, мемлекеттік сатып алу конкурсы барысында «Тараз» ӘКК комиссия мүшелері конкурс жеңімпаздары ретінде ұқсас құжаттарды ұсынған өнім берушілерден бас тартты. Сонымен қатар, «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшылығы тарапынан өндірісінде шикізаты жоқ жеткізуші конкурс жеңімпазы болып табылады, оның жеткізілуін өзі қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ сол жеткізушілерден әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін бірнеше рет сатып алу фактілері бар», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров.
Тиімсіз қаржыландыру фактілеріне тоқталып өтсек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыстық департаменті анықтағандай, 2011 жылы «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-нің мүшесі болды, оның үлесі 20,18%, ақшалай түрде 395 млн теңгені құраған. Бес жыл ішінде аталған компания 587 млн теңге шығынға ұшыраған. Яғни, «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жобаға қатысу кезеңінде пайда көрген жоқ. Осылайша, талдау көрсеткендей, «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС -не тиімсіз инвестиция салу нәтижесінде «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әлі күнге дейін 66 млн теңге сомасындағы қарыз қалдығын өтей алмай отыр. Сондай-ақ «Тараз» ӘКК құны 321 млн теңгені құрайтын пайдасыз жылжымайтын мүлікті (қаланың индустриалды аймағында орналасқан) алған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облыстық департаменті де өңірдегі «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-дағы бірқатар жүйелі кемшіліктерді анықтады.
«2014 жылдан бастап корпорация бірлескен жобаларды іске асыру үшін шамамен 40 түрлі ЖШС құрғандығы анықталды, алайда олардың көпшілігі іс жүзінде өз қызметін жүзеге асырмайды. Талдау көрсеткендей, бүгінгі күні ӘКК шығынды кәсіпорын болып табылады және негізінен әкімдіктің қаржылық қолдауының арқасында жұмыс істейді. Тұрақтандыру қорының қызметінде де тиімділіктің жеткіліксіздігі байқалады. Мәселен, тұрақтандыру қорынан азық-түлік өнімдерін төмендетілген бағамен сату облыс орталығында ғана 4 сауда павильоны арқылы жүзеге асырылды, олар өңірдің барлық халқының қажеттілігін өтемейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағасын тұрақтандыруға арналған бюджет қаражаты арнаулы мақсатқа сай пайдаланылмаған, ал тұрақтандыру қорының жұмыс тетігінің өзі тиімсіз болып шықты. Бұдан басқа, Кәсіпкерлік басқармасы тарапынан ӘКК қызметіне тиісті бақылау жоқ», - деліген хабарламада.
Антикор анықтағандай, сыртқы талдау барысында ӘКК теңгерімінде жайылымға арналған жалпы ауданы 1 372 га 17 жер учаскесі бар екені белгілі болды, алайда олар мақсатына қарай пайдаланылмайды. Бұл ретте ауыл тұрғындары мал жаю үшін жайылымдық жерлердің тапшылығына шағымданады.
Еліміздің батыс өңірінде де былық көп. Тамыз айында Маңғыстау облысындағы «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бюджет қаржысын оңды-солды шашқаны анықталды. Корпорация қаржыландырған бірнеше жоба сол күйі жүзеге аспай қалды. Мәселен «Полимерлі қаптама өндірісі» жобасына 65 млн теңге бөлінген. Оған қоса, шикізат өндіруге 12 млн теңге, айналым қаражатын ұлғайтуға 14 млн теңге берілген. Алайда, былтыр іске қосылуы тиіс зауыт сол күйі ашылған жоқ.
Сондай-ақ, «Балық цехы», «Диірмен комбинаты», «Аққу»тұрғын үй құрылысы» жобаларына қатысты да заң бұзушылықтар анықталды. Корпорациямен жасалған келісімдердің шарттары орындалмаған.
Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында да осы іспеттес заң бұзушылықтардың беті ашылды. Жүргізілген сыртқы талдау барысында «бір көзден» бәсекеге қабілетті консультациялық қызметтерді сатып алу арқылы ӘКК-ны мемлекеттік органдардан субсидиялауға және қолдауға байланысты тәуекелдер, ӘКК-нің инвестициялық жобаларды іске асыру кезіндегі бәсекелестікке қарсы әрекеттері, қаражатты мақсатсыз пайдалану, мемлекеттiк органдармен жұмыс iстеу кезiнде қызметтiк өкiлеттiктердi асыра пайдалану, сондай-ақ бюджет қаражатын тиiмсiз жұмсау фактiлерi анықталды.
«Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы да Үкіметтен бөлінген қаражатты тиімсіз пайдаланған. Нақтырақ айтқанжа тұрақтандыру қорына бөлінген 400 млн теңгеден астам сома мақсатсыз жұмсалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаментінің мәліметіне сүйенсек, кәсіпкерлер азық-түлік өнімдерін сатып алудың орнына, берілген қаржыны айналымда ұстаған. Ал кейбіреулері ақшаны тіпті жеке мақсаттары үшін жұмсаған.
Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаеваның бастамасымен бірқатар депутаттар ҚР Премьер министрі Әлихан Смайыловқа, ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновке осы мәселеге қатысты сауалдарын жолдады.
Мәжіліс депутаты келтірген деректерге сүйенсек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға қарсы тексерулердің нәтижелері бойынша ӘКК-нің көпшілігінде жаңа өндірістер мен инновациялық өнімді шығаратын орындарды құрудың орнына жер учаскелерін мейрамханалар, сауда үйлері, жанармай құю станциялары, автокөлік жуу орындары, коттедж қалашықтары, көп пәтерлі үйлер салуға жаппай таратқан жағдайлары анықталған. Ол үшін конкурстық іріктеу де өткізілмеген.
«Жер кодексінің 48-бабы Кәсіпкерлік Кодексі тек жаңа өнім өндіруді немесе жаңа өндіріс орнын құруды ғана көздейтін инвестициялық немесе инновациялық жобаларды іске асыру үшін ӘКК арқылы учаскелерді бөлу мүмкіндігін қарастырады. Мәселен, 3 жыл ішінде Астана әкімдігі сауда-саттық арқылы барлығы 6 жер учаскесін, ал конкурссыз - 889 жер учаскесін берді. Соңғы аукцион 2020 жылдан басталады. Үй салу мақсатында учаскелерді беру кезінде әрбір ӘКК учаскелер үшін өтемнің мөлшері мен түрін өздігінен айқындайды. Мәселен Астана мен Алматы қалаларының ӘКК-сі тұрғын үй құрылысы көлемінің 2,5% өтемін, ал «Ертіс» ӘКК 90%-ын алады. Сонымен қатар, құрылыс салушыдан алынған тұрғын үйлер мемлекеттік тұрғын үй қорын айналып өтіп, әкімдіктер мен ӘКК қызметкерлері арасында тікелей бөлінеді. Мәселен, елорданың дипқалашық ауданындағы 14 учаске үшін «Астана» ӘКК бизнес-кластағы «Atlant» ТК 13 пәтер алды, оның 8-і сатылып, 5-уі ӘКК және әкімдік қызметкерлеріне берілді. Елорданың құрылыс салушыларына орталықтағы 1 соттық жер 2,4 млн теңгегеден берілгендігі туралы фактілер бар. Астанадағы мұндай жобалардың саны – 216», - делінген депутаттық сауалда.
Депутат келтірген деректер бойынша, елордалық Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы соңғы 5 жылда учаскелердің 70%-ын тұрғын үй мен үй-жайларды салуға берген (яғни 440 нысанның 216-сы).
Жер учаскелерін конкурстан тыс бөлудің тағы бір кең таралған тәсілі «Арнайы экономикалық аймақтар аумағында тұрғын үй салу жөніндегі жобаларды іске асыру» болып табылады. Арнайы экономикалық аймақтар туралы қолданыстағы заң тұрғын үй құрылысы бойынша жобаларды іске асыру мүмкіндігін болдырмайтынына қарамастан, Астана, Түркістан және Ақтау қалаларында орналасқан АЭА-ның басым түрлерінің тізбесіне тұрғын үй құрылысы енгізілген. Қатысушыларды іріктеу де конкурссыз өтеді.
«Тұрғын үй құрылысының 118 жобасының 65 немесе 55%-ын бір ғана компания жүзеге асырады. «Астана» Арнайы экономикалық аймағындағы 215 жобаның тек 80-і өндіріс орындарын құрумен байланысты, оларға берілген қаражат 38 млрд теңге. Ал қалған 135 жоба, яғни 3,4 трлн теңге тұрғын үйлер мен ғимараттар салуға бағытталған. Бұл ӘКК мен АЭА-ның мемлекеттің бюджеті мен жер ресурстарын пайдалана отырып, тұрғын үй құрылысы бойынша коммерциялық жобаларды жүзеге асырып отырғандығын білдіреді. Бұл ретте, АЭА аумағында учаскелерді өтеусіз алу, салықтық және кедендік алымдардан босату тұрғын үйдің түпкілікті құнына әсер етпейді», - деп дабыл қақты депутаттар.
Тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру бойынша дәл осындай жағдай басқа өңірлік Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларында да байқалады. Осыған орай депутаттар бұл бағытта бірқатар өзгерістер керектігін атап көрсетті.
«Мемлекеттік меншікті басқарудың экономикалық тиімсіз және сыбайлас жемқорлықтың жүйесі ретінде ӘКК-ні жою мәселесіне қайта оралу; барлық ӘКК қызметіне жер ресурстарына және жобаларды іске асырудан алынған табыстарға прокурорлық тексеру жүргізу; монополияға қарсы агенттікті тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдарға қатысты шаралар қабылдау; жер учаскелерін конкурстан тыс бөлу үшін жауапкершілікті күшейту керек», - делінген депутаттық сауалда.
Айжан Жанатқызы