Батыс Қазақстан облысының Сарықұдық ауылында жаңа мектеп салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл – өңірде пайдалануға беріліп жатқан төртінші білім ордасы

Балалар жылы аясында Батыс Қазақстан облысының Сарықұдық ауылында жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Білім ордасының ашылу салтанатына облыстың құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев, аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, сол сияқты аудандық мәслихат хатшысы Сарсенбай Молдашев қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Қазіргі таңда ауданымыздың инфрақұрылымын дамыту бағытында ілкімді істер атқарылып жатыр. Мәселен осы жылы аудан орталығында екі қабатты, 12 пәтерлі қос тұрғын үй бой көтерсе, алдағы уақытта Казталов және Жалпақтал ауылдарында көппәтерлі үйлер салу жөнінде жобалар дайындалып жатыр. Білім саласы бойынша 600 орындық А.Оразбаева атындағы ОЖББМ мен Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайынов атындағы ОЖББМ-ның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында сегіз мектеп пәндік кабинеттермен жаңартылған болса, осы жылдың соңына дейін тағы төрт мектеп химия кабинеттерімен жабдықталатын болады. Бүгін Сарықұдықта негізгі орта білім беретін мектебін пайдалануға беріп отырмыз», - дейді аудан әкімінің орынбасары өзінің алғы сөзінде.

Сарықұдық мектебі - өңірде пайдалануға беріліп жатқан осымен төртінші білім ордасы болып есептеледі.

Заманға сай салынған мектептің ішінде экоаймақ, коворкинг орталығы, спорттық үйірмелер бар. 60 орындық білім ордасында қазіргі уақытта 75 бала білім алып жүр. Мектептегі барлық сынып бөлмелері ғаламторға қосылып, арнайы интерактивті тақтамен жабдықталған. Ал кітапхананың ішінде 10 орындық оқу залы қарастырылған болса, мәжіліс залында көрермендерге арналған 60 орындық зал бар.

Қазіргі уақытта Сарықұдық ауылындағы мектепте 24 ұстаз оқушыларға сапалы білім беріп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ оның ішінде: 2-еуі педагог-зерттеуші, 6-ауы - педагог-сарапшы, 7-еуі - педагог-модератор және 1-еуі - жоғары санатты мұғалім. Мектеп оқушылары да аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстарында, спорттық додаларда, мәдени-көпшілік байқауларда топ жарып жүр. Мәселен мектептің 8-сынып оқушысы Жансерік Сағынгерей өзінің бос уақытында анимациялық мультфильмдер түсірумен айналысады. Ол әзірлеген «Бауырсақ» ертегісі желісімен дайындалған, 300 кадрлық анимациялық мультфильмін көпшілік назарына ұсынды.