Азық-түлік бағасының өсімі 18,7 пайызды, ал жалақы өсімі 8,9 пайызды құрайды
Қазақстанның орта статистикалық тұрғындары шығынының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Атамекен» талдау қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, халықтың жалпы шығындарындағы азық-түлік өнімдеріне жұмсалған шығыстардың үлесі 2015 жылғы 44,7 пайыздан биылғы екінші тоқсанда 51,4 пайызға дейін ұлғайған.
«Аталған көрсеткіштің өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – азық-түлік бағасының қазақстандықтардың шынайы жалақысынан жылдам өсіп жатқаны. Осылайша, 2022 жылдың екінші тоқсанының соңындағы жағдай бойынша азық-түлік бағасының өсімі 18,7 пайызды, ал жалақының өсімі 8,9 пайызды құрайды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ қазақстандықтардың сатып алатын негізгі азық-түлігінде де өзгерістер байқалады. Сарапшылардың пікірінше, қарапайым тұрғындар етті (+0,8 келі), сүт өнімдерін (+0,8 келі), қант, тәттілер мен жемістерді (+0,2 келі) көбірек тұтынатын болған.
Бұл ретте көкөніс(-0,8 келі), май және тоңмайды (-0,2 келі) тұтыну көрсеткіші төмендеген.
Отбасы бюджетіндегі азық-түлікке жұмсалатын шығыстардың үлесі халықтың өмір сүру деңгейін көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі болып қала бермек.