Асқар Забикулин 20 қарашада астаналық ауруханада көз жұмды
Төтенше жағдайлар министрлігі Астанада тұрғын үй өртінен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулинді еске алуға арналған әсерлі видео жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кадрдан Момышұлы даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйдегі адамдарды құтқарып жатқан Асқардың ерлікке толы әрекетін, сондай-ақ оның жұмыстағы, спорттағы жетістікке толы сәттерін көруге болады.
«Ер ісімі – ел есінде», деп жазылған видеоның астында.
Желі қолданушылары өрт сөндірушінің отбасына қайғыра көңіл айтып жатыр.
Еске салсақ, 16 қарашада Астанадағы 11-қабаттағы пәтерде өрт шыққан. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Асқар Забикулин пәтерге терезе арқылы кіру үшін 12-қабаттан 11-қабатқа дейін құтқару арқанымен түскен. Артынша жанып жатқан бөлмелерді аралап, өрт ішінен үш адамды алып шыққан.
Асқар Забикулин 20 қарашада астаналық ауруханада көз жұмды. Дәрігерлер денесінің 80 пайызын күйік шалған оның өмірі үшін бірнеше күн күрескен еді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған өрт сөндірушінің отбасына көңіл айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанадағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі берілетін болды. Бір күн бұрын Қ. Тоқаев Асқар мен оның әріптесі Аян Кемпіровті мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.