$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанадағы өрт: тілсіз жаумен арпалысқан төтеншеліктердің біреуі жансақтау бөлімінде жатыр

Көпқабатты тұрғын үйдің бірінен өрт шығып, 3 бөлмелі пәтер түгі қалмай жанып кетті

Астанадағы өрт: тілсіз жаумен арпалысқан төтеншеліктердің біреуі жансақтау бөлімінде жатыр
Фото ашық дереккөзден

Астанада қыстың қақаған суығында бүтін бір отбасы баспанасыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Бүгін сағат 10-нан аса көпқабатты тұрғын үйдің бірінен өрт шықты. 11-қабаттағы 3 бөлмелі пәтер әп-сәтте күлге оранды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, қызыл жалын 50 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сөндірушілер жанып жатқан пәтерден 5 адамды құтқарып, 10 тұрғынды эвакуациялады. 3 адам зардап шеккен. Ал үйде болған бір бала газдан уланып, ауруханаға жеткізілді.

«Өрт негізі сағат 11-ОО-де басталды. Өтіп бара жатқан кісілер подъездге келуін өтінді. Біз сыртқа шығып бара жатқанбыз. Қарадық, біздің қолдан ештеңе келмейді ғой. Тек орта жастағы әйел көмек сұрағанын көрдік. Айқайлады. Жалынып көмек сұрады. 10 минуттан кейін өрт сөндірушілер келіп, өз көмектерін көрсете бастады», – деді куәгер Аңсагүл Солтанбекова.

Үйде жанбаған зат қалмаған. Тек төр бөлмеде ілулі тұрған тәспі ғана өрттен аман қалыпты. Ал тілсіз жауды сөндіреміз деп арпалысқан 2 төтеншелік қатты жарақат алды. Олардың беті мен қолын күйік шалған. Дереу ауруханаға жеткізілген біреуі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Мамандар екіншісінің жағдайы қалыпты екенін айтты. Енді басын қатерге тігіп, қызыл жалынды сөндіруге тырысқан оларға департамент тарапынан марапат қарастырылмақ.

«Екі құтқарушы әртүрлі жағдайда денесін күйік шалған. Біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Оған қандай көмек көрсетілетіні, өрт сөндірушілер қандай марапатқа ие болатынын біз қосымша айтамыз», – деді қалалық ТЖД ресми өкілі Аягөз Фазылова.

Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз. Қазір төтеншеліктер келтірілген залалды есептеу үстінде. Бір анығы – шығынды пәтер иесі өзі өтемек. Айта кетейін, жыл басынан бері бас қалада  664 өрт дерегі тіркеліпті. Оның 34-і тұрғын үй секторында болған.

Серіктес жаңалықтары