Президент сайлауы: Қазақстанның 15 өңірінде дауыс беру аяқталды

Автор: Azattyq Rýhy

5 өңірде дауыс беру астана уақытымен сағат 21.00-де тоқтайды

Фото: Azattyq Ruhy

Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауда еліміздің 15 өңірінде орналасқан 8150 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Атап айтқанда, Абай облысында – 475, Ақмола облысында- 717, Алматы облысында – 606, Шығыс Қазақстан облысында – 537, Жамбыл облысында – 493, Жетісу облысында – 447, Қарағанды облысында – 642, Қостанай облысында – 745, Павлодар облысында – 528, Солтүстік Қазақстан облысында – 640, Түркістан облысында – 919, Ұлытау облысында – 136, Астана қаласында – 406, Алматы қаласында - 600, Шымкент қаласында 311 сайлау учаскесі жұмысын тоқтатты.

Енді аталған учаскелерде жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыстарды санау басталады және дауыс беру аяқталғаннан кейін 12 сағат ішінде аяқталуы тиіс. Одан кейін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала және түпкілікті нәтижелерін жариялауы тиіс. Сайланған президентті тіркеу 27 қарашаға дейін аяқталуы тиіс. комиссия мүшелері бюллетендерді санауға кіріседі.

Қазіргі уақытта 5 өңірде, атап айтқанда Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында дауыс беру жалғасып жатыр. Бұл өңірлерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де, астана уақытымен сағат 21.00-де аяқталады.

Сонымен қатар Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан ашылған 68 сайлау учаскесінің 10-ы жұмысын бітірді. 57 сайлау учаскесі әлі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бір учаске әлі ашылған да жоқ. Нақтырақ айтқанда, Сан-Франциско қаласындағы учаске астана уақытымен сағат 21.00-де ашылады.

Айта кетерлігі, сайлау құқығына ие азаматтардың тізіміне барлығы 11 950 485 адам енгізілген.