Қоғам демократияны қаласа, сайлауға баруы керек – саясаттанушы

Автор: Аягөз Құрмаш

Саясаттанушы әр азамат өз дауысының маңыздылығын түсінуі тиіс екенін айтты

Фото: ашық дереккөзден

Саясаттанушы Самат Нұртаза қоғам демократия мен сөз бостандығы керек десе, сайлауға барып, өзінің дегеніне жетуі керек деп пікір білдірді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Азаматтар белсенділік танытып жатыр. Оған жасалған реформалар мен қаңтар оқиғасы себеп болып отыр деп ойлаймын. Себебі қаңтар оқиғасын қоғамымызға сабақ болды. Оқиға кезінде біз егемендігіміз бен тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. Орта буын өзінің жауапкершілігін сезініп, сайлауға белсенді қатысып жатыр деп ойлаймын. Тіпті, кезекке тұрып жатқандар бар», - деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, 100 пайыздық көрсеткішпен алғанда халықтың 90 пайыздан астамы дауыс беруі әбден мүмкін.

«Қоғам сайлауға қатысуы керек. Кезінде бір философ «Интеллигенция мен тобырдан құрылған ұлт болмайды, орта тап болмаса, ол ұлт алысқа бармайды» деген. Сондықтан бізге орта тап керек. Буржуазия дейміз бе, кәсіпкерлік дейміз бе, қысқасы, оқыған-тоқыған, көзі ашық, көкірегі ояу буын керек. Олардың өкілдері билікке барып, министр, әкім болады. Сондықтан осындай белсенділіктің арқасында болашақта 2-3-ші президенттерді де көріп қалармыз», - деді ол.

Самат Нұртазаның айтуынша, сайлау отбасымен баратын мейрамға айналуы керек.

«Әр азамат өз дауысының маңызды екенін түсінуі керек. Әр азамат өзінің болашағы, баласы мен жақындарының болашағы үшін дауыс беріп жатырмын деп сенуі керек. Мәселен, Швейцарияда немесе Канада, Норвегияда адам дауыс бермесе, оған айыппұл салынады. Себебі «өз дауысыңызға немқұрайлы қарадыңыз» деп есептеледі. Жол жүру ережесін бұзған сияқты, үйіне айыппұл келеді. Адамдар демократияны қалап, демократия, сөз бостандығы керек десе, сайлауға барып, өз дегеніне жетуі керек деп есептеймін», - деді саясаттанушы.