Аймақта сайлаушылардың 26 пайызға жуығы өз таңдауларын жасады
Алматы облысында ҰОС ардагері сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Бәйтерек ауылдық округі Алға ауылына қарасты №187 сайлау учаскесіндегі жағдай жұрттың жүрегіне жылылық ұялатқан. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, жасы жүзге жақындаған Солтанбай Жарықбасов ақсақал өз аяғымен келіп, сайлау жәшігіне дауыс беру бюллетенін салды.
"Солтанбай Жарықбасов - Отан үшін от кешкен жауынгерлердің бірі. Қан майданның бел ортасында жүрді. Одан кейінгі бейбіт өмірде ұстаздық етуден жалықпай, жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Алға ауылына мешіт салдырып, имандылық жолын қалыптастырды. Көпшілік арасында беделі биік. Сайлауға құрмет көрсеткені соның дәлелі", - деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сайлауға жауапты адамдар ақсақалға өздері баратындарын айтқан. Алайда қарт майдангер олардың үйге келуіне қарсы болған.
"Осы жердегі азаматтар учаскеге келіп әуре болмаңыз, үйіңізге барайық деді. Оларға көп рахмет. Бірақ мен кешегі жауынгер емеспін бе? Еліміз үшін маңызы зор науқан өтіп жатқанда төсекте жатқаным жарамас. Қазақстан Президентін сайлаудың маңызы зор. Отанын, отбасын ойлаған әрбір адам оған жауапкершілікпен қарауы керек, не істеп, не қойғанын дұрыс таңдауға тиіс. Кеше майданда ұрпақтар үшін қалай күрессек, бүгін азаматтық таңдаудан қателеспеуіміз керек. Сайлаушының кімге дауыс бергені маңызды емес, елдің ертеңі үшін дауыс бергені маңызды, - деді майданген Солтанбай Жарықбасов.
Еске салайық, Алматы облысында сайлаушылардың 26 пайызға жуығы өз таңдауларын жасады.