Д.Назарбаева тоқырауға ұшыраған зауыт жұмысшыларымен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева еліміздің Батыс өңірінде жұмыс сапарымен жүр.

Спикер Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Зенит» кеме жасау зауытының жұмысымен танысты. Зауыт басшылығы және жұмысшылармен әңгіме кезінде Сенат басшысы қорғаныс саласының мүддесіне жұмыс істейтін кәсіпорынды дамытуға қажетті нормативтік-құқықтық база жасалғанын, елімізде жыл басында «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» жаңа заң қабылданғанын атап өтті.

«Үкімет қорғаныс мақсатындағы өнім шығаратын отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Бізге өз өнеркәсібімізді дамыту және тапсырыстарды бірінші кезекте қазақстандық кәсіпорындарға беру маңызды», - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Еске салайық, биыл маусым айында «Зенит» зауытында мемлекеттік тапсырыс жоқтығынан 300 жұмысшының қысқаруы мүмкін екені айтылған. Зауыт  Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметін 30 кеме жасап берді. Биыл құрастырылған мерейтойлық отызыншы кемесін «Нұр-Сұлтан» деп атаған. Алайда, 
жаздың басында зауыттың тапсырыссыз қалғаны белгілі болды. Кәсіпорында мыңға тарта жұмысшысы бар. Іргелі зауытты тоқыратпай ұстау үшін мемлекеттік тапсырыс тұрақты болуы керек.