«Прокуратура туралы» Конституциялық заңның негізгі міндеттері қандай?
Конституциялық заңда 48 баптан тұратын 7 тарау бар

Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының негізгі міндеттері мен ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Нұрпейісовтің айтуынша, заңда прокуратураның қадағалау және басқа да өкілеттіктері, Жаңа Қазақстанда заңдылықты сақтауды неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандығын, бизнес пен мемлекеттің мүддесін қорғауға, қалпына келтіруге мүмкіндік беретін пәрменді құралдар мен тетіктері жүйеленген.
«Маңызды мәселе – прокуратураның құқық қорғау функциясын одан әрі нығайту. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары біз үшін басты басымдық болып қала бермек. Жалпы, қабылданған «Прокуратура туралы» Конституциялық заң заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның, бизнестің және мемлекеттің мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тиімді тетіктерді бекітті. Заң прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейту, жүзеге асырылып жатқан қызметтің кепілдіктерін нығайта отырып, біздің жүйемізді жоғары қадағалау органы ретінде жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деді С.Нұрпейісов.
Жалпы, Конституциялық заңда 48 баптан тұратын 7 тарау бар. Жеті тарау да прокуратура органдарының құқықтық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, тексерулерді тағайындауға және жүргізуге құқылы лауазымды адамдардың тізбесін толықтыруға мүмкіндік береді.