Батысқазақстандық кәсіпкерлерге тіл заңнамасы түсіндірілді
Заңының 10, 21-баптарына қайшы келетін жағдайлар бойынша әдістемелік көмек көрсетілді
Батыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, маңыздылығын насихаттау бойынша бизнес субъектілеріне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарын сақтау туралы онлайн кеңес өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде жарнама агенттіктері бейнеконференцияға шықты. Олармен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері түсіндіру жұмыс жүргізді.
Былтыр желтоқсанда елімізде «Тілдер туралы» Заңға өзгерістер енгізілген болатын. Оған сәйкес, көрнекі жарнаманы орналастыру кезінде мемлекеттік тілге басымдық берілуі тиіс. Сондай-ақ жиында тіл саясаты саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің нормалары да түсіндірілді. Мәселен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдардың талаптарын елемеу фактісі анықталған кезде кәсіпкерге әуелі ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылады. Егер бір жыл ішінде ол түзелмесе, онда айыппұл төлеу түрінде жауапкершілікке тартылады. Яғни, қоғам өмірінің барлық деңгейінде қазақ тіліне құрметпен қарау Қазақстан халқының бірігуіне ықпал етеді. Сондықтан өңірдің бизнес қоғамдастығы да мемлекеттік тілді танымал етудегі жауапкершілікті сезінуі тиіс.
Таяуда Оралда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында халыққа қызмет көрсететін мекемелер мен кәсіпорындардың және жарнама агенттіктерінің («Қазақтелеком», «Қазпошта», «Жайықжылуқуат», «Батысэнергоресурсы», «Батыс Су Арнасы», «Риа Мир», «Полиграфсервис», «Janat», «City PRINT», «Рек Ком») көрнекі-ақпараттық жұмыстарына, әлеуметтік желідегі парақшаларына мониторинг жүргізілген болатын. Тексеру барысында ҚР «Тіл туралы» Заңының 10, 21-баптарына қайшы келетін (құжатнама, көрнекі ақпарат) жағдайлар бойынша әдістемелік көмек көрсетілді.
Мұндай мониторингтік іс-шаралар шеңберінде мемлекеттік органның қызметкерлері бизнес субъектілеріне, оның ішінде мемлекеттік тілде жарнама жазуға бұдан әрі де әдістемелік көмек көрсетуін жалғастырады.