Ғаламшардағы адамзат саны небәрі 12 жылда 7 миллиардтан 8 миллиардқа дейін өсті
Жер шарының халқы тағы бір маңызды көрсеткішке жетті. 15 қарашада ғаламшардың 8 миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бірқатар елдер «мерейтойлық» адам өз аумағында дүниеге келді деп мәлімдеді. БҰҰ үшін бұл оқиға адамзаттың қалай дамып жатқанына, оның қандай «өсім проблемаларына» тап болатынына назар аударуға мүмкіндік береді», - делінген БҰҰ жаңалықтар орталығының ақпаратында.
Жер шарындағы халық санының 2 есеге өсуіне жарты ғасырдан аз уақыт қана кетті десе де болады: 1974 жылы жер бетінде 4 миллиард адам болған еді. Ал небәрі 12 жылда 7 миллиардтан 8 миллиардқа дейін өсті. Бірақ келесі меже – 9 миллиардқа жету үшін шамамен 14,5 жыл (2037 жылға дейін) қажет. Бұл жаһандық өсімнің баяулайтынын көрсетеді.
«БҰҰ болжамынша, әлем халқының саны 2080 жылдары 10,4 миллиард адамға жетеді және бұл көрсеткіш 2100 жылға дейін сақталады», - делінген ақпаратта.
БҰҰ Халықты орналастыру қоры (ЮНФПА) халық өсімінің шамамен 70 пайызы табысы төмен және ортадан төмен елдердің есебінен болатынына назар аударады. Ал 8-ден 9 миллиардқа дейін өсу барысында осы екі топтағы елдер жаһандық өсімнің 90 пайыздан астамын қамтамасыз етеді деп болжанады.
«Тағы бір маңызды тенденция елдер халқының жас құрамына қатысты болмақ. БҰҰ сарапшыларының болжамы бойынша 2050 жылға дейінгі кезеңде 65 жасқа дейінгі халық санының жаһандық өсуі тек табысы төмен және ортадан төмен елдерде болады. Ал табысы жоғары және орташа табысы жоғары елдерде негізінен егде жастағы адамдар санының өсімі байқалатын болады», - делінген зерттеуде.
Осы бір айтулы демографиялық оқиға қарсаңында жарияланған мақаласында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бл көрсеткішке әсіресе, «ғылымдағы жетістіктер мен тамақтану, денсаулық және санитария саласындағы жақсартулардың» арқасында жету мүмкін болғанын атап өтті.
Дегенмен, Гутерриш бұл демографиялық жетістіктерге миллиардтаған адамдардың қиын жағдайда өмір сүріп жатқаны, жүздеген миллиондардың дұрыс тамақтанбай, тіпті аштықтан зардап шеккені көлеңке түсіріп отырғанын баса айтты. Көптеген адамдар, соның ішінде, соғыс салдары мен климаттық апаттардың салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр. Мұның бәрі шиеленіс пен келіспеушіліктің көбеюіне әкеліп соғуы мүмкін.