Есіл өзені арқылы өтетін қыл көпір жұртты үрейлендіріп отыр
Бұл сапасыз құрылысты қашан кімнің салғаны белгісіз

Есіл өзені арқылы өтетін, бір көлік әрең сыятын қатерлі қыл көпір жұртшылықты алаңдатып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Ешқандай стандартқа сай келмейтін қауіпті көпірден жеңіл көлік жүргізушілері жандарын шүберекке түйіп өтеді. Бұл сапасыз құрылысты қашан кімнің салғаны белгісіз. Блоктарды қалап, үстіне жүк көлігінің шанақтарын төсей салған. Онысы көліктерді ырғалып-ыңыранып әрең көтереді. Бірақ көп жүргізуші жолды қысқарту үшін осы жермен өтуге мәжбүр.
«Державин-Тасты-Талды, Державин-Далабай аралығындағы жолмен жүру мүмкін болмағандықтан, Арқалық, Баранкөл, Нахимов, Бірсуат, Зерноград, Восточныйға баратын таксилер осы көпірмен өтіп жүр. Бұл жерден көлік тайып кетсе, қаншама кісі опат болуы мүмкін», - деп жазады Жомарт Түбекбаев.
Әрине, аталған елді мекендерге қатынайтын басқа да жолдар бар. Бірақ олардың сапасы сын көтермейді. Оның үстіне, мына қыл көпірмен өтіп, 100 шақырым ұтып, жанармай үнемдеуге болады. Сондықтан жолаушы тасушылар тәуекел етуді жөн көреді.
Жазба авторы Ақмола облысының әкімі, ТЖМ, депутаттар осы мәселеге назар аударса, апат болмай тұрып, тез арада жөнге келтірсе деген тілегін жеткізген. Оның пікірін аталған көпірді жақсы білетін басқа да тұрғындар бірауыздан қолдап отыр.
Осы мәселеге байланысты құзырлы мекемелер әзірге ешқандай мәлімет бермеді.