ҚТЖ ресейліктердің астықты транзиттік тасымалдау бағасы бойынша өтінішіне жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Компания бағаның тарифтік шарттары соңғы 4 жылда өзгеріссіз қалып отырғанын айтты

Фото: eldala.kz

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ ресейлік БАҚ-тың астықты транзиттік тасымалдау тарифтерінің күрт көтерілгені туралы ақпаратына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан аумағы бойынша ресейлік астықты транзиттік тасымалдаудың тарифтік шарттары соңғы 4 жылда өзгеріссіз қалып отыр.

«Ресейден Қазақстан аумағымен транзитпен астық тасымалдау көлемі оң серпін көрсетуде. Мәселен, 2022 жылдың 10 айында транзит көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға (301 мыңға 372 мың) өсті», - деп мәлімдеді ҚТЖ өкілдері.

Айта кетсек, бұған дейін көрші елдің БАҚ-тары «Қазақстан транзиттік тарифті күрт арттырып, Орталық Азия елдері мен Қытайға тасымалданатын астық транзитіне іс жүзінде тосқауыл қойып отыр, енді Қазақстан арқылы астықты тасымалдау «экономикалық мақсатқа сай емес» деп хабарлаған болатын.