Еліміз бойынша барлығы 11 950 485 адам дауыс беруге құқылы
Кезектен тыс Президент сайлауына санаулы күндер қалды. Қазір әр өңірде сайлау учаскелерінде жұмыстың қызған шағы. Сонымен қатар халықтың да белсенділігі артқаны аңғарылады. Еліміз бойынша барлығы 11 950 485 адам дауыс беруге құқылы, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Солтүстік Қазақстанда 385 мыңнан астам дауыс беруші тіркелген. 640 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Солардың бірі Ғ.Мүсірепов атындағы балалар кітапханасында. Нысан жауапты науқанға сақадай сай.
«Сайлау учаскесінде 7 адам жұмыс істеп жатырмыз. Тиісті құжаттардың барлығы дайын. Тізім бойынша тұрғындарды тексеріп шықтық. Олардың қатарында өздігінен жүріп-тұра алмайтындар бар. Арнайы урналар әзірленді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың, қарттардың үйіне өзіміз барамыз. Халықтың белсенділігі аңғарылады. Бізге телефон соғып, дауыс беру жайында нақтылап жатқандар көп. Өйткені халық саяси науқан тың өзгерістер алып келетініне сенімді», - дейді сайлау учаскесінің хатшысы Гүлия Ережепова.
Қоғам белсендісі Әлфараби Мыңбай сайлауға барып, өз таңдауыңды жасау – азаматтық парыз деп санайды.
«2019 жылы өткен кезектен тыс Президент сайлауына қазақстандықтардың 77 пайызы қатысты. Көптеген мемлекеттермен салыстырсақ, бұл жаман көрсеткіш емес. Ал биылғы саяси науқанға келетін халықтың саны бұдан да көп болады деген болжам бар. Себебі, сайлау өтетіні жайында жаңалық тарағаннан бастап халықтың белсенділігін аңғардым. Әсіресе, әлеуметтік желілерде көп пікір жазылып жатыр. Әркім өзінің азаматтық позициясын білдіріп жатыр», - дейді ол.
Қазақстан азаматтары кезектен тыс сайлауға шетелде де қатыса алады. 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылды.
«20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтетіні белгілі. Орталық сайлау комиссиясы бекіткен кезектен тыс президент сайлауына дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 21 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күні сағат 00:00-де аяқталады. Яғни, үгіт науқанына берілген мерзім түгесілген шақта сайлау алдындағы «тыныштық күні» жарияланады, бұл –19 қараша сағат 00:00-ден 20 қараша сағат 00:00-ге дейін. Орталық сайлау комиссиясына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден байқаушыларды аккредитациялау ұсынылып отыр. Олардың арасында ТМД-дан, Парламентаралық ассамблеядан, Ислам ынтымақтастығы ұйымынан, ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясынан өкілдер бар. Сайлауға қатысу – бірлігіміздің белгісі әрі маңызды саяси науқанға қатысу әркімнің ерік білдіру бостандығы болғандықтан, талапқа сай ұйымдастыру басты міндет болмақ», – дейді СҚО сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев.