Берешегі барлардың қатарында жеке, заңды тұлғалармен қатар бюджеттік мекемелер де бар
Алматы қаласының тұрғындары жылуға 1,3 млрд теңге қарыз. Берешегі барларың ішінде заңды тұлғалармен қоса, бюджеттік мекемелер де бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде «Алматы жылу желілері» ЖШС бас инженері Данияр Қазымбетов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Алматы тұрғындары «Алматы жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1,3 млрд теңге қарыз. Бұл қаланың коммуналдық қызметі мен жеткізушілерге төлейтін қаражатқа әсер етеді. Берешегі барлардың қатарында жеке, заңды тұлғалармен қатар бюджеттік мекемелер де бар», - деді Данияр Қазымбетов.
Сондай-ақ, брифингте «Алматы электр станциялары» АҚ бас инженері Ғазиз Исмұхамбетов, жұмыс барысында ауытқуларға жол бермейтінін, 30 күнге жететін жылу қоры барын айтты. Газға қатысты да ешқандай мәселе жоқ деді.
Еске салайық, мегаполисте жылыту маусымы 17 қазанда басталған болатын. Коммуналдық мекемелер 8467 көпқабатты тұрғын үйді, 216 мектепті, 197 балабақшаны, 129 аурухананы тексеріп, жылыту маусымы басталмас бұрын алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізді.
Коммуналдық қызмет мәліметі бойынша, 2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңінде 1352,33 км жылу желілері алдын ала дайындалған. Оның 60%-ның тозығы жеткен, яғни 25 жылдан астам уақыт пайдаланылған. Биыл 4,7 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылыпты. Осылайша жылу желілерін реконструкциялау есебінен, олардың тозуын 0,3%-ға дейін төмендеткен. Енді келесі жылы 17,2 шақырым жылу желілерін реконструкциялау жоспарланып отыр.