Оқиға 12 қарашада күндізгі сағат 12:30 шамасында болған
Алматыдағы Шаңырақ-2 ықшамауданының тұрғындары педофилден қауіптеніп отыр. Кішкентай қыздарға тиісті делінген ер кісіні халықтың өзі ұстап, полицияға тапсырған. Алайда көп ұзамай құқық қорғау органының қызметкерлері оны босатып жіберіпті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram-дағы парақшасында жазды. БАҚ өкілінен тұрғынның бірі көмек сұраған. Тіпті педофил деп ел қауіптеніп отырған ер кісіні видеоға түсіріп алған.
«Құрметті ата-аналар! Мынаны топтарға таратыңыздар, балаларыңызға ие болыңыздар! Балдәурен көшесіндегі "Азамат" аялдамасында осындай жағдай болып жатыр. Педофил 3-сынып оқитын қыздарды аймалап, білгенін істеген. Үлкен кісіге де тиіскен», - дейді видео авторы.
Оқиға 12 қарашада күндізгі сағат 12:30 шамасында болған. Жанайқайын жеткізген ананың жазуынша, белгісіз ер кісі оның мектеп жасындағы екі қызына тиіскен. Кенже қызы қорқып, үйіне қашып үлгеріпті. Ал үлкен қызын ер кісі есік алдында құшақтап, жібермей қойыпты. Үрейі ұшқан оқушы үлкендерге болған жағдайды айтқанда олар ер кісіні іздеу үшін көшеге шыққан. Осы кезде ол жолдан өтіп бара жатқан бір келіншектің артын шымшып, қолынан ұстап алыпты. Әйел "Сен кімсің?" деп шошып тұрғанда бейтаныс ер адам көмекке келген.
«Бір аға келіп, мынаны шалқасынан түсірді. Арыз жаздық. Менің қыздарым және әлгі келіншек полиция бөліміне бардық. Бүгін "арыз бойынша іс қараусыз қалдырылды" деген SMS келіп тұр. Не істесем болады? Сонда міндетті түрде қыздарым зорлануы керек пе еді?», - делінген жазбада.
Алматы қалалық Полиция департаментіндегілер бұл оқиғаға қатысты әзірге пікір білдірмеді.