Сайлау науқандарының бәрін өткізу ел жаңғыруына көңіл аударуға мүмкіндік береді – Ерлан Карин

Автор: Azattyq Rýhy

«Жаһандық трансформация кезіндегі Қазақстан дамуының жаңа үлгісі» тақырыбында форум өтті

Фото: ашық дереккөзден

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин мәлім еткендей, Қазақстандағы мемлекеттік институттардың жұмысын қайта жаңғырту елдегі мемлекеттік-саяси құралдардың жаңа үлгісін іске қосуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.  

«Жаһандық трансформация кезіндегі Қазақстан дамуының жаңа үлгісі» тақырыбында өткен сарапшылар форумында мемлекеттік кеңесші пікірін білдіре отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған сәттен бастап, кезең-кезеңімен саяси өзгеру процестері жүріп жатыр деген ойын мәлім етті.

«Президенттің барлық реформасының нәтижесінде, «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша мемлекеттік-саяси құралдардың жаңа үлгісі қалыптасып жатыр. Енді жаңа үлгіні іске қосу үшін негізгі мемлекеттік институттардың жұмысын қайта іске қосу керек. Осы реформаларды бастау үшін де сайлау өтуі керек. Сондықтан, Мемлекет басшысы жаңа сайлау науқанын жария етті: 2022 жылдың күзінде – кезектен тыс Президент сайлауы, ал, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында Парламент Мәжілісінің депутаттары мен бүкіл деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді», - деп атап өтті Карин.

Мемлекеттік кеңесші атап өткендей, барлық сайлауалды науқанды мерзімінен бұрын өткізу биліктегі негізгі институттардың жұмысын қайта бастап, барынша тең әрі тұрақты саяси жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Сайлау науқандарының бәрін өткізу ел жаңғыруына назар аударуға мүмкіндік береді», - деді Ерлан Карин.