20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауы өтеді
Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшановтың айтуынша, бұл жолғы сайлауда алматылықтар белсенді болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен 6 рет сайлау комиссиясын, 7 рет референдум штабын басқардым. Неге екенін білмедім, бірақ Нью-Йорк, Токио, Алматы сынды ірі қалаларда сайлауға келушілердің саны 20-30 пайыздан аспайтын. Сайлауғас шұғыл іс-сапарға кеткендер немесе онсызда сайлау ойдағыдай өтеді деген болмаса немқұрайлы қарайтын азаматтар бармай қалуы мүмкін. Осыны әлеуметтанушыларға зерттеңіздер деп айттым. Менің пайымымша, бұл жолы келушілердің саны 40 пайызға жетсе де жаман емес»,-дейді Рахман Алшанов.
Рахман Алшанов әсіресе, ұстаздар қауымы бұл сайлауға қуана-қуана баратынын айтты.
«Мұғалімдердің жалақысын осыншама көтеру бұрын-соңды болмаған нәрсе. Мектепке мұғалім болып ауысқандардың саны 5 мыңға жуықтады. Соның ішінде ғылым докторлары да бар. Кейбір мұғалімдердің жалақысы 700 мың теңгеге жетіп қалды. 1 қаңтардан бастап тағы 25 пайызға артады деп отыр. Бұл бюджетке қаншалықты салмақ салатынын уақыт көрсетеді. География ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер 80 мың теңге алады. Ал география пәнінің мұғалімі мектепте 300-500 мың теңге аралығында алады. Олар сайлауға бармағанда, кім барады?!
Алматыда жаңа мектеп енді ашылып, әлі оқушыларды қабылдап үлгермесе де, жұмысқа тұруға өтініш білдіріп жатқан мұғалімдер көп. Мәселен, 120 орындық бір жаңа мектеп ашылғанда 1200 түйіндеме келіп түскен.
Сайлауға студенттерді бұрынғыдай күшпен тарту деген жоқ»,- деді Рахман Алшанов.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы сайлауда дауыс беру бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген графа енгізілді.
Сайлауға үміткер ретінде Парламенттегі үш партия мен ондаған қоғамдық ұйым біріккен «Халық» коалициясы ұсынған – Қасым-Жомарт Тоқаев, «Аманат» кәсіподақтар бірлестігі президенттікке кандидат етіп ұсынған Мейрам Қажыкен, «Ауыл» партиясынан кандидат – Жигули Дайрабаев, «Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы» ұсынған Қарақат Әбден, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Салтанат Тұрсынбекова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ұсынған кандидат Нұрлан Әуесбаев түскелі отыр.