Қазіргі кезде тергеу шаралары басталды
Алматы облысында кафель тиелген жүк көлігі тоқтай алмай, алдында келе жатқан тағы бір фураға соғылды. Кабинада қысылып қалған жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы Алматы облыстық ПД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, жол апаты 11 қарашада Алматы-Өскемен тас жолында болған. Renault маркалы жүк көлігінің 36 жастағы жүргізушісі дистанцияны сақтамай, алдында келе жатқан Volvo-ға соғылды. Ол көлік аударылып кетті. Ал Renault-тың кабинасы майысып қалды. Ішінде болған ер адам қайтыс болды.
Volvo-ның жүргізушісі және жолаушысы жарақат алып, жақын жердегі ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк жүргізетін адамдардың жол жүрісі немесе көлiкті пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тергеу шаралары басталды. Қажетті сараптамалар жасалады.