Жамбыл облысындағы Сеңкібай арнасында қазір бір тамшы су жоқ
Жамбыл облысындағы Сеңкібай арнасында қазір тамшы су жоқ. Оның бойында 14 елдімекен орналасқан. Тіршілік нәрінен тарықтық деген тұрғындар бұған қала билігін айыптайды. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Себебі арнаны біреулер басқа жаққа бұрып, жекенің жеріне жығып берген. Ал оған қадағалау жүргізбеген қала әкімдігі кінәлі дейді.
Бұл – су сұрап, жоғын жоқтаған жеті ауылдың жұрты. Олар қала сыртындағы Сеңкібай арнасының суы сарқылған жерге жиналды. Себебі каналдың бойын жағалай жатқан елдімекендердегі шағын көлшіктер тартылып, ауыл маңайында мал ішетін су қалмаған. Осының кесірінен жер асты суы да төмендеп кеткен көрінеді.
«Біздің ауылда қысы жазы ағып жатқан су еді. Қазір құдығымыз тартылып кетті. Каналдың бойында отырған халықтың күн көрісін бір екі кәсіпкер жабуының арқасында мынанша халық жинап отырмыз. Мына жақтағы халық қалай күн көреді. Сонда әркім осылай жаба берсе сонда оған тексеретін адам жоқ па?», - деді Сеңкібай ауылының тұрғыны Әнуар Серікбаев.
«Біздің талабымыз осы қаладан шығатын қара суды қайтып Сеңкібай каналына түсіруін өтінеміз. Бұлақтың көзін жауып, қолдан жұт жасаған жергілікті биліктің әрекетін тұрғындар түсіне алмаймыз дейді. Ал әкімнің орынбасары бұл тек бір арнаға қатысты проблема емес деп отыр», - деді Байзақ ауылының тұрғыны Досым Жиенбаев.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев алдағы уақытта канадлар бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.
«Бізде қала бойынша сегіз канал бар. Бүкіл сегіз каналдың санитарлық қорғау аумақтары сақталмаған. Ол бойынша әкімнің тапсырмасына сәйкес арнайы топ құрып каналдар бойынша жұмыстар жүргізейін деп жатырмыз», - деді ол.
Қорғау аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандары мен жеке үйлердің барлығы тексеріледі.