Жыл басынан бері елімізде 2,5 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жалпы 12,7 тонна есірткі тәркіленді

Фото: ашық дереккөзден

Жыл басынан бері барлық құқық қорғау және арнайы органдары бірлесіп, 2,5 мыңға жуық есірткі қылмысын анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қарасора-2022» жедел алдын алу іс-шарасының нәтижелерімен таныстырған ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, есірткі қылмысының 60%-ы немесе 1,5 мыңы сатуға байланысты анықталған. 

«Жалпы 12,7 тонна есірткі тәркіленді. Оның ішінде героин – 33 кг, апиын – 68 кг, синтетика – 507 кг, гашиш – 705 кг, марихуанна – анаша дейміз, 4 тоннадай, қалғаны канабис секілді өсімдік түрлері», - деді Бақытжан Әмірханов.

Сондай-ақ 4 ұйымдасқан қылмыстық есірткі тобының жұмысы тоқтатылған.

«Ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 белсенді қатысушысы жауапкершілікке тартылды. Олар 13 ауыр есірткі қылмысын жасаған», - деді Б. Әмірханов.