Тоқаев жақтастары БҚО тұрғындарымен кандидаттың экологияны жақсартуға арналған басымдықтарын талқылады
Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері өңірде бірқатар кездесу өткізді
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Орал қаласында РҚШ мүшелері облыстың зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен бірге кандидат ұсынған отандық мәдениет пен өнерді қолдауға және дамытуға арналған шараларды талқылады. Кездесуде еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға арналған басымдықтарға да мән берілді. Бұл – Қ. Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасында белгіленген міндеттірдің бірі.
«Батысқазақстандықтарды алаңдатып отырған маңызды проблемалардың бірі – Жайық өзенінің тартылуы. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мемлекет саясатының маңызды басымдықтарының қатарында. Соған байланысты су ресуртарын тиімді пайдалану, қорғау және тазалау үлкен мәнге ие. Бұл бағытта қоғамның белсенді ұстанымы аса маңызды», – деді Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Штаб мүшелері «Жайықжылуқуат» АҚ алаңында өңірдегі коммуналдық кәсіпорындардың өкілдерімен кездесіп, батысқазақстандықтарға Қ.Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Нақты айтқанда, кездесуде энергетикалық қуатты жаңғыртуға, инженерлік желілерді салуға және жөндеуге арналған басымдықтар сөз болды.
РҚШ мүшелері «Зенит» зауытының ұжымымен кездесіп, кандидаттың еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға арналған саясатына тоқталды. Бұл өндіріс орны қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының құрылымына енеді.
Сонымен қатар Штаб делегациясы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агро-техникалық университетінде өңірдегі жас агрономдармен және инженерлермен жүздесті. Ашық пікірталас барысында қатысушылар сайлау алдындағы бағдарламада көрсетілген білім мен ғылымға қатысты басымдықтарға назар аударды. Олар жол құрылысын жақсарту, ауыл шаруашылығын жаңғырту және басқа да мәселелерді шешу жұмыстарына ғалымдарды жұмылдыру сияқты нақты бағытты қамтиды.
Өңірге келген РҚШ мүшелері этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен де кездесіп, этносаралық келісімді нығайту мәселесін талқылады.