Тергеу барысында оның әскери қызметкерлерді мәжбүрлеп үйін жөндеткені де анықталды
Шымкент гарнизоны әскери сотының шешімімен «Ақтас» оқу орталығының аға маманы, 65 әскери бөлімнің басшысы үш жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Ол Қылмыстық кодекстің «Билiктi немесе қызметтiк өкiлеттiктердi асыра пайдалану» және «Бастықтың немесе лауазымды адамның билiктi немесе қызмет бабын басқаларға зиян келтiру мақсатында қызмет мүдделерiне қайшы теріс пайдалану» туралы баптары бойынша айыпталып отыр. Кейін екі тараптың мәмілеге келуіне байланысты бірінші бап бойынша қылмыстық іс тоқтатылды.
Сот анықтағандай, 2019 жылдың қазан айында старшина (айыпталушы - ред.) бұйрығын орындамаған әскери қызметкерді ұрған. Айыпталушы оны ішінен теуіп, әскери киімінің жағасынан ұстап, жерге құлатқан. Сосын оны басынан теуіп, бетінен темірмен ұрған.
«Оқу орталығының моншасын салуға байланысты бұйрықты дұрыс орындамағаны үшін ол жапа шеккен адамды қабырғаға итеріп, бетінен, арқасынан және басынан жұдырықпен ұрған. Сонымен қатар сотталушы оны казарманы дұрыс жумағаны үшін де соққыға шыққан», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар сот 2019 жылдың тамыз айында айыпталушының 4 әскери қызметкерді үйіне апарып, жөндеу жұмыстарын істеуге мәжбүрлегені анықталды.
«Айыпталушы ҚР ҚК 450 бабы 1 бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар ол лауазымды қызметке өмір бақи тағайындала алмайды», - делінген хабарламада.