Туристік мезгілде пойыз Қапшағай су қоймасына дейін барады
Қонаев-Алматы бағыты бойынша № 6906/6907 пойызы жолға шықты. Дизельді теміржол пойызы күн сайын Қонаевтан сағат 06:00-де шығып, Алматы стансасынан кері қарай сағат 19:00-де жүреді. Жол жүру уақыты – 1 сағат 17 минут.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, екі қаланың ортасында жүретін пойызды қаржыландыру осы жылдың соңына дейін Ұлттық тасымалдаушы есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Алматы облысының әкімдігімен бірлесе отырып, аталған бағытта тасымалдаушының шығындарын субсидиялау мәселесін қарастырып жатыр. Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған.
«Басты міндеттердің бірі – облыстың көліктік-логистикалық әлеуетін арттыру. Үкімет әкімдікпен бірлесе отырып, көлік желісін жақсарту бойынша кешенді шаралар әзірлеуі тиіс. Жолаушылар мен жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейту үшін жағдай жасау қажет. Атап айтқанда, Алматы мен Қонаев арасындағы жол желісімен қатар теміржол желісін де дамыту қажет», - деген еді Президент.
Билеттерді BILET.RAILWAYS.KZ сайты немесе «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасы арқылы онлайн сатып алуға болады. Сонымен қатар ONAY жол картасы арқылы төлем жасау да жоспарланған.
"Осы бағыттағы жолаушылар тасымалын ашу Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бұл өте үлкен игі іс. Екі қаланың ортасына қатынайтын пойыздың жүруі халыққа өте тиімді. Студенттерге де қолайлы. Халық кептеліссіз тез жетеді. Алдағы уақытта Алматы-2 темір жол вокзалына дейін барады. Жолаушылар ары қарай бірден метроға отырып, баратын жерлерінің уақытын қысқарта алады. Мәселен бір бағытқа таксидің құны мың теңге болса, темір жол құны - 400 теңге. Бұл баға жолаушыларға өте тиімді әрі қауіпсіз. Алдағы уақытта пойыздың жүру кестесін тағы арттырамыз. Туристік мезгілде пойыз Қапшағай су қоймасына дейін барады",- деді Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев.
Жаңадан іске қосылған пойыз жолда Жетіген, Қайрат, Нұра, Байсерке, Медеу сынды ауылдарға да қысқа уақытқа аялдайды. Ал 11 желтоқсаннан бастап пойыз Алматы-2 стансасына дейін келеді.
"Дизель отынымен жүретін бұл пойыз әзірге елімізде біреу ғана. Жолаушыларға арналған заманауи темір жол көлігі саналады. Осы санаттағы пойызды сатып алуды тағыда жоспарлап отырмыз. Зауытта оны дайындауға екі жыл уақыт кетеді. Қазір келісім жүріп жатыр. Қала маңында темір жол желілерін ашу өте маңызды істердің бірі саналады. Билетті электронды түрде сатып алса арзанырақ",- деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ қала маңы тасымалы филиалының директоры Сұлтан Табынбаев.