Сотталғандардың бірі екіншісінің басына балғамен бірнеше рет соққы жасаған
СҚО-ның Айыртау ауданы Новоукраинка ауылында орналасқан түрмеде төбелес болып, бір адам аурухананың жансақтау бөлімінде есін жимастан көз жұмды. Бұл туралы Azattyq Ruhy polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«9 қараша күні СҚО Айыртау ауданы Новоукраинка ауылында орналасқан №51 РММ төтенше қауіпсіз мекемесінде 1994 және 1976 жылы туған сотталғандар арасында жанжал орын алды, оның барысында сотталғандардың бірі екіншісінің басына болжам бойынша балғамен бірнеше рет соққы жасаған», - делінген хабарламада.
1976 жылы туған жәбірленуші Айыртау ауданының орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылып, есін жимастан қайтыс болды.
Бұл факті ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша тіркелді.
Ұсталған адам Айыртау аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.