Қазақ сатирасының шоқ жұлдызы 1950 жылы 29 наурызда дүниеге келген
Алаш жұртына танымал белгілі сатирик, қоғам қайраткері Көпен Әмірбек дүние салды. Бұл туралы ақын Серік Сейітман Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбектің нақты неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз.
Қазақ сатирасының шоқ жұлдызы 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елдімекенінде дүниеге келген.
Ол еңбек жолында саяси-сатиралық «АраШмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Бас редактор, ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет еткен.
«Ара» журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары болған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы болған. Мәскеу (1980) мен Ташкентте (1980) өткен Бүкілодақтық жас сатириктер конкурсының лауреаты. Әр жылдары жарық көрген «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Мың бір мысал», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Өзіңді танисың ба?», «Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін» атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танымал болған. Сондай-ақ, ол «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы. Өзі құрған «Көпен келе жатыр!..» әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрермендердің көзіне түскен.
Сонымен қатар, жастардың басым бөлігі Көпен Әмірбекті «Жайдарман» ойындарының әділқазы мүшесі ретінде де жақсы таниды.